Биылғы коронавирус індетінің шарықтап тұрған шағында дәрігерлермен қатар алдыңғы шептен көрінген еріктілер болды.
Жақсылықтың ақ жалауын ту еткен жылыойлық белсенділер «Еріктілер жылының» қорытындылау шарасында аудан әкімі Халел Жамаловтың алғыс хатымен марапатталды. Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен марапаттау шарасы онлайн форматта өтіп, аудан басшысы бейнеконференция арқылы бір топ ерікті жастарды құттықтады.
- Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Еріктілер қызметі – ерекше қайырымдылық. Ерікті болу арқылы біз тек айналамызға қолдау көрсетіп, ізгі іс жасап қана қоймай, адами құндылықтарымызды да молайта түсеміз. Құрметті еріктілер! Биылғы жылда ізгі жүректі жандардың қатарын толтырып, аудан халқының жәрдемшісі болдыңыздар. Аудан көлемінде атқарылған қоғамдық жұмыстарға атсалысып, Жылыойды дамытуға, өркендетуге қосқан қызметіңіз бен белсенділігіңіз үшін алғыс білдіремін! Әрқашан осы қарапайым қалыптарыңыздан таймай, өзгелерге қол ұшын созып жүре беріңіздер,-деді аудан әкімі Халел Жамалұлы. Биылғы коронавирус індетінің шарықтап тұрған шағында дәрігерлермен қатар алдыңғы шептен көрінген еріктілер болды. Ел басына қара бұлт үйірілген ауыр кезеңде өз басын қатерге тігіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Үй-үйді аралап, науқастарға дәрі-дәрмек әперіп, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қажетті оттегі аппараттарын дер шағында тауып беріп, керекті құрал-жабдықтарды ауруханаларға таратты.
-Еріктілер жылының қорытындылау шарасын өткізуді жоспарлаған кезде, біз үлкен салтанатты шара ұйымдастырмақшы болдық. Дегенмен, облыстық бас санитарлық дәрігердің соңғы қаулысына байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, «ZOOM» бағдарламасы арқылы онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Ерікті болу - адамның жүрегіндегі ұлы қасиеттің бірі. Қашанда ерікті азаматтарды қолдап, Еріктілер жылы аяқталса да олардың пікіріне құлақ асуды, сол арқылы жарқын істерді жүзеге асыруды тоқтатпаймыз, - дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Сержан Серікбаев.
Еңбегі еленгендердің қатарында кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, мекеме басшылары, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен спорттық құрама командалардың мүшелері бар. Марапатталушылардың әрқайсысына арнайы алғыс хат, мүсінше және 10000 теңге көлеміндегі қаржылай сертификат сыйға тартылды. Жыл бойы атқарған еңбектері еленіп, алғысқа бөленгендеріне еріктілер де дән риза. Еріктілер жылы ресми түрде қорытындыланып, жабылғанымен, әрине, жанашыр жандардың қайырымды істері әрі қарай да жалғасын таба бермекші. Өйткені, олардың көкейінде сан түрлі сауалдар мен ұсыныстардың жүретіні жасырын емес. Ал олардың пікірлері қоғам өмірінің дамуына жаңаша серпін бермек.
Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ