Ақордада көктемгі су тасқынымен күрес шараларына белсене қатысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені хабарлады.
Аталған шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысты. Марапаттау рәсімінде Атырау аймағының да бір топ азаматтары наградаға ие болды. Соның ішінде жерлесіміз, Құлсары қаласындағы №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Жарылғасов та бар. Ол тілсіз жаумен күрес кезінде ерекше көзге түсіп, апатты ауыздықтауға белсене атсалысқаны үшін «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Еске сала кетейік, табиғи апат кезінде ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, Құлсарыда 3 мыңға жуық тұрғын үйді су басып, 30 мыңға тарта қала тұрғыны эвакуацияда болды.
Өз тілшімізден