Ауданда биылдан бастап «БолашақК» қоғамдық қоры әлеуметтік инвестиция- лар бағдарламасымен «Теңізшевройл» ЖШС- нің қолдауымен «Білім беру мекемелерінің мамандарының инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу әлеуетін арттыру» жобасын іске асыра бастады. Мақсаты әрі негізгі компонентінің бірі – ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды оқытатын педагогтардың білімін тереңдетіп, біліктілігін артты- ру. Сонымен бірге, ерекше балалардың ата-аналарын, туыстарын және заңды өкілдерін оқыту.
ЖАРҚЫН ЖОБА ЖЕТІСТІГІ
Бұл жоба барлық балалар үшін, олардың ерекше білім беру қажеттілігіне қарамастан, тең білім алуына мүмкіндік жасайды. Бұған дейін ұйымдастырушылар ақпан айында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақовамен кездесу өткізіп, жобаның толық жоспарын жасақтап шыққан болатын. Ал аудандық білім бөлімінің мамандарымен кездесу барысында, инклюзивті ортада жұмыс істеудің теориялық аспектісіне де, тәжірибелік дағдысына да назар аударатын оқыту стратегиясы мен жобаға қатысатын білім беру мекемелерінің құрамын бекітіп, жоба бойынша шаралар кестесін жасады. Осыған орай наурыз айында №5 жалпы білім беретін мектепте "БолашақК" ҚҚ-ның жетекші мамандары, дәрігер-реабилитолог Жібек Бисенова мен педагог-нейропсихолог Үміт Ниязбаеваның жетекшілігімен аудандағы барлық 20 мектептің директоры және мектептердің педагогикалық құрамымен, атап айтқанда, мұғалімдер, ассистенттер, дефектологтар мен психологтарға арналған кездесу семинарын өткізген-ді. Кездесу кезінде ҚР инклюзивті білім берудің негіздері мен принциптері талқыланып, семинарға қатысушылар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу бағытындағы педагогикалық тәжірибесімен бөлісті. -Осы іс-шаралардың көмегімен бізге педагогтар мен мамандардың кәсіби дағдыларын едәуір нығайтуға, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен тығыз жұмыс жасауға мүмкіндік туды. "Білім беру мекемелерінің мамандарының инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу әлеуетін арттыру" жобасын іске асыру барлық балалар үшін әділ және қолжетімді білім беру кеңістігін құруға ықпал етеді. Бұл ауданда инклюзивті білім беруді жақсартуға маңызды үлес қосады,- дейді жоба менеджері Зарина Бектенова.
НЕЙРОПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТӘСІЛ: ТИІМДІЛІГІ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Ал өткен аптаның 24-25 тамыз күндері қаладағы "FastTrackKids" оқу орталығында осы жоба аясында "Инклюзия. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда нейропсихологиялық тәсіл" атты семинар өтті. Оған ауданның әртүрлі білім беру және түзету кабинеті мекемелерінен 40-тан астам педагог пен маман жиналды. Семинар инклюзивті білім берудің көптеген аспектілерін қамтыды. Яғни, педагог-мұғалімдер мен түзету мамандары жұмысындағы нормативтік-құқықтық база жайы, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған білім беру бағдарламасының түрлері, олардың дұрыс құрастырылуы, шәкірттер үлгерімін бағалау критерийлері егжей-тегжейлі талданды. Ерекше балаларды жақсы түсінуге және қолдауға көмектесетін нейропсихологиялық тәсілдерге ерекше назар аударылды. Іс-шара барысында тыңдаушылар бүлдіршіндердің танымдық функциясын дамытуға, эмоционалдық жағдайын жақсартуға және оқу мотивациясын арттыруға бағытталған жұмыстың жаңа әдістемелерімен танысты. Семинар спикерлері, дәрігер-реабилитолог және педагог-нейропсихолог әр баланың жеке ерекшелігін ескеріп, білім беру үдерісін қалай дұрыс ұйымдастыру керектігі туралы айтып, өз білімі мен тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, дамудың бұзылуын уақытылы анықтауға және оқушының нақты қажеттілігіне бағытталған түзету бағдарламасын жасауға мүмкіндік беретін диагностикалық әдістерді зерттеу маңызды аспект болып табылатыны түсіндірілді. Семинарға қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, балалармен жұмыс жасау барысында бірден қолдануға болатын іс жүзіндегі тәжірибелерді де үйренді. Атап айтқанда, мамандар оқу бағдарламасын баланың нақты қажеттілігіне бейімдеуді, сондай-ақ олардағы мінез-құлық пен когнитивті бұзылудың себептерін түсінуді және түзету үшін нейропсихологиялық жаттығуларды тиімді пайдалануды меңгерді. Тыңдаушылар бала- лар мен олардың отбасына психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығын, жақсы нәтижеге жету үшін басқа мамандармен бірге топта жұмыс істеу керектігін білді. Атырау қаласындағы "БолашақК" қоғамдық қорының дәрігер-реабилитологы Жібек Бисенова оңалту мен инклюзияның өзара байланысының маңыздылығы туралы түсіндірді. -Оңалту мен инклюзия арасындағы байланыс –– баланың толық қалпына келуі мен әлеуметтік бейімделуі үшін маңызды. Инклюзия процесінде оңалту мамандары шешуші рөл атқарады. Олар балалардың жеке қажеттілігі мен ерекшелігін ескеріп, адамды толыққанды өмірге дайындау үшін жұмыс істейді. Бұл баланың тәрбиешімен, әлеуметтік қызметкерлермен, психологтармен, басқа да мамандармен тығыз ынтымақтастықта болуды қажет етеді,-деді.
Ал спикер, педагог-нейропсихолог Үміт Ниязбаева қазіргі уақытта Инклюзия білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналғанын баса айтты. -Ерекше қажеттілігі бар балалар толыққанды білім алуға құқылы, ал мұғалімдердің міндеті — олар үшін дамуға және өсуге жағдай жасау. Нейропсихологиялық тәсіл бізге оқудағы қиындықтың себептерін тереңірек түсінуге және түзетудің тиімді әдісін ұсынуға мүмкіндік береді. Біз алдымызда тұрған қиындықтарға дайын болуымыз керек және мұндай семинарлар мұғалімдер мен мамандарға бір қадам алда болуға көмектеседі,- дей келе, семинарға қатысушыларға мотивациялық кеңес берді.
ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН БАЛА КӨП, МАМАН АЗ
Осы жобаға қолдау көрсеткен және семинарға бастан-аяқ қатысушының бірі – дефектолог, «Сөйлеуді дамыту» орталығының басшысы Алты- най Аманғалиевамен тілдесіп, жалпы аудандағы ахуал туралы сұраған едік. Ол жобаның біздің ауданға ауадай қажет екенін айтады. Өйткені, ерекше білімді қажет ететін, дамуында кешігуі бар балалар көбейіп тұрғаны, оларға білім беретін мамандардың жетіспейтіні өзекті мәселеге айналған.
-Ертеңгі болашақты ойласам, ұйқым қашады. Мен 2006 жылы дефектология мамандығын бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келгенімде, қазіргідей балалар арасындағы дамудың кешігуі сияқты түсініктер аз болатын. Тіпті «аутизм» деген ауруды естімеуші едік. Ал қазір жағдай күрделі. Ана денсаулығының маңыздылығы, жанұядағы тәрбие, балалармен байланыстың жоқтығы, тіпті қарапайым балада болуы керек дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану дегендер ұмыт болып бара жатыр. Өз жасына сай сөйлей алмайтын бүлдіршіндер көбейіп тұр. Ал өз ісін жетік білетін мамандар жетіспейді. Сондай ел ертеңінің болашағы алаңдатады ғой. Мына семинарды ұйымдастырушылар бізге керекті бай бағдарламамен таныстырды. Мамандар әрдайым өз оқушыларының ерекшелігін еске- руге тырысады, бірақ осы іс-шарадан кейін нейропсихологиялық әдістерді қолданып, әр балаға жеке қарау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Семинар аудандағы инклюзивті білім беруді дамытуға маңызды үлес қосқалы тұр. Алынған білім мен дағдылар мұғалімдер мен мамандарға ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасау кезінде туындайтын қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар кәсіби өсуге ықпал етеді және әр баланың сапалы және қолжетімді білім алуы жолында өзіне сенімді болуға үндейді,-дейді ол.
Семинар соңында жоба жетекшілері семинардың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған Құлсары қаласындағы "FastTrackKids" оқу орталығының басшысы Алмагүл Шудабаева мен «Сөйлеуді дамыту» орталығының басшысы Алтынай Аманғалиеваға алғысын білдіріп, мұндай жүйелі жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сендірді.
П.ҚИЗАТОВА