Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» заңына сәйкес, еліміздегі барлық балалардың құқықтары бірдей екені атап көрсетілген. Яғни, кез келген баланың тегіне, дініне, тіліне, тұрмыстық жағдайына қарамастан, құқықтарының тең болуы ел ертеңінің заңмен қорғалғанын айғақтайды. Ендеше ұлт ұрпағының денсаулығы, білімі, өмірі, тұлға болып қалыптасуы мемлекет үшін аса маңызды.
Иә, «Бала – болашағымыз!» Олардың жалпыға бірдей біліммен, медициналық қызметпен қамтылуы – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған ең басты қолдау. Өкінішке қарай, денсаулығы қалыпты жағдайдағы балаға қарағанда, ой-өрісінде, ақыл-есінде, дене қимылында ақауы бар бүлдіршіндер айрықша қамқорлыққа алынады. Өйткені олар ерекше қолдауды қажет етеді. Мұндай балалар қазіргі заманда мүмкіндігінше арнайы оңалту орталығы секілді түрлі мекемелердің қызметі мен тәрбиесін көріп, берген білімін бойына сіңіреді. Мұндай орталықтардың денсаулығында ақауы бар балаларға берер көмегі мол.
Бүгінгі таңда балалардың денсаулығын нығайту мемлекеттің маңызды міндеттерінің біріне айналды. Мүгедектік проблемасының және оңалту көмегінің өзектілігі, әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру оның ауқымдылығына байланысты. Соңғы онжылдықта ел бойынша мүгедектігі бар бүлдіршіндердің өсіп келе жатқаны байқалады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне қарағанда, елімізде 100 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар тіркелген екен. Сондықтан "Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау "Дені сау ұлт” ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай балаларды оңалтумен қамтуды 60 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Мұндай игілікті іс-шаралар біздің өңірімізде де жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте «Теңізшевройл» компаниясы әрдайым мұндай жобаларға қолдау білдіріп, ерекше балаларға ерекше қамқорлық танытып келеді.
Айталық, «Ой-сана” психологтар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен ашылған аудандағы ерекше балаларға арналған «Монтессори» орталығы 2022 жылдан бері сапалы жұмыс үлгісін көрсетіп келеді. Мұндағы мамандар мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамда өз орнын табуына барлық жағдайды жасады. Сауықтырудың ерекше әдісін қолданатын орталық бүгінде ауқымды іс-шаралар өткізіп, бүлдіршіндердің психологиялық дамуына күш жұмсауда. Орталық ашылған жылы-ақ ауданның 200 бүлдіршініне біржылдық түзету-оңалту курсын тегін өткізіп, балалар орташа есеппен 33 пайызға жақсы нәтиже көрсеткен еді. Сол қалыптан таймаған ауқымды істің жалғасы жылдан жылға жақсарып, балаларды түзету-оңалту орталығы қала тұрғындарының арасында зор сұранысқа ие болды. Ал ағымдағы жылы «Табиғи су апатына ұшыраған аудан тұрғындарына психологиялық қолдау, оңалту-сауықтыру» әлеуметтік жобасы аясында орталықта 100 ерекше бала тегін психологиялық қолдау алып, 40 бүлдіршін тегін оңалту-түзету курсынан өтті. Аталмыш жоба жөнінде «Монтессори» орталығының директоры Ляйла Султанбаева:
- Психологиялық қолдау алған 100 баланың 60-ы 0-3 жас аралығындағы қалыпты бөбектер болса, 40 бала ерекше қажеттілігі бар балалар еді. Ал оңалту-түзелту курсынан өткен соңғы 40 бүлдіршін 10 күндік сеанстан тұратын барлығы 4 курсты толығымен аяқтап шықты. Одан бөлек балаларға психология, арттерапия, аватерапия, эрготерапия, лфк, массаж, логомассаж сынды 800 сағаттан тұратын 2400 оңалту сабақтары өткізіліп, орталық мамандары психологиялық бағытта жұмыс атқарды. Жемісті жұмыстан кейін аналардың 90 пайызы бұл жобаның өз балаларына тигізген пайдасының зор екенін ескеріп, жалғасын табуын сұрады. Ал оны уақыт еншісіне қалдырдық. Келер жылы балалар мен аналарды бірқатар инновациялық жаңашыл бағдарламалармен қуантқымыз келеді. Оның барлығын уақыты келгенде қосымша хабарлайтын боламыз,-деді өз сөзінде.
Бүгінде «Монтессори» орталығы аудан бойынша жылына кем дегенде 70-100 баланы түзету-оңалтудан өткізіп отыр. Қаншама баланың аяққа тұрып кетуіне жәрдемдесіп, олардың болашағына баса назар аударып жүрген орталық мамандары қазіргі таңда ата-аналардың алғысына бөленуде. Ендеше өскелең ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамайтын жобаның аясы кеңейіп, ерекше бүлдіршіндердің қалыпты балалар қатарына қосылуына тілекшіміз. Мұндай орталықтарға іргелі компаниялар ғана емес, мемлекет тарапынан да қолдау жасалып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ