Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде
Фото: Е.Ахметкәрімов

1979 жылы Ауғанстанда бастау алған төңкеріс - сол мемлекет халқының ғана емес, көршілес жатқан алып держава - бұрынғы Кеңестер Одағы үшін де сансыз боздақтың өмірін қиған он жылға созылған соғысқа ошағына айналды. Іргелес жатқан елге басып кіру КСРО Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының санаулы ғана мүшелерінің аяқ астынан қабылдаған құпия шұғыл шешімімен басталды. Бұл асығыс құжат – Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген өрімдей жас жігіттердің тағдырын шешіп жіберді. Олардың қатарында біздің  жерлестеріміз де бар. Жат жерде интернационалдық борышын өтеп, ажал құшқан жауынгердің бірі - Ерболат Омаров еді.

Ерболат Қарағұлұлы - 1961 жылы 14 қыркүйекте бұрынғы Гурьев облысы, Ембі ауданы, Құлсары поселкесінде дүниеге келген. 1977 жылы А.Островский атындағы орта мектептің 8-сыныбын бітіріп, №84 кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түскен-ді. Оны ойдағыдай тәмамдаған жас азғана уақыт Құлсары автобазасында еңбек етеді. 1980 жылдың мамырында КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырту алып, әскери міндетін Харьковтегі оқу орталығында бастайды. Ол жерде алты ай бойына әскери оқу-жаттығудан өтіп, шыңдалған жас жауынгер көлік жүргізуші мамандығын меңгеріп шықты. Сол жылдың аяғында қарулас жолдастарымен бірге кеңес әскери контингенті сапында интернационалистік борышын өтеу үшін Ауғанстанға аттанады.

Әкесінен ерте айырылған ол анасы Төлтен мен аға-апаларының тәрбиесінде болады. Ерболат бала кезінен балық аулауға, көлік жүргізуге құштар болып ержетті. Құрсай өзеніне қармақ тастаған оның қоржыны бос қайтпайтын. Үй жануарларын да жақсы көріп, қоян да асырады. Жасөспірім кезінен көлікке әуес жас кез-келген көлікті жөндеп, техниканың тілін табатын еді,-дейді замандастары.

Қан майданда қаншама қиыншылық көрсе де, бозбала жігіт туыстарына жіберген хаттарын тек көңілді нотада жазатын. Тіпті, кейде үйдегілерден «әскерден ораларда қандай сыйлық алып келейін» деп те сұрайды екен. Бірақ сұм соғыс қыршын жастың сол асыл арманын орындауға мүмкіндік бермеді.

Ерболат Омаров қызмет еткен әскери бөлімшенің жауынгерлері көбіне Кушка-Герат-Кабул-Кандагар бағытында жолға шығатын-ды. Бұл бағытта жиі-жиі қиян-кескі ұрыстар болып, адам шығыны көп болатын. Жерлесіміз өзінің жанкештілігінің арқасында көбіне сол көп қауіптен аман қалып жүретін. Жылдан аса осы ажал жолының бойында талай рет өліммен бетпе бет келген ол қаншама шайқаста шыңдалып, өліп-тіріліп еді. Бірақ аңдыған әккі жау өрімдей жасты алмай қоймады. 1981жылдың қазан айының 7-сі Омаровтар отбасы үшін қаралы күн болды. Тау шатқалынан тұтқиылдан киліккен дұшмандардың кезекті шабуылы кезінде дәлдеп атылған оқ жас жауынгерді қапыда құлатты. Осылайша елі үшін туған ер Ерболат небары 20 жасында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде жат жерде ажал құшты.

Ол Ерболат десе нағыз Ерболат еді. Өмірінің ақырына дейін антына адалдық танытып, аты затына сай азамат бола білді. Өзі өлсе де есімі жерлестерінің жүрегінен өшірілген жоқ. Құлсары қаласындағы «Достық» ықшамауданынан бір көше аты беріліп, өзі секілді Ауғанда қаза тапқан Болат Ербосыновпен бірге қаланың орталығындағы "Жеңіс" саябағынан ескерткіш орнатылды. Жыл сайын Ерболат Омаров атындағы футзалдан, волейболдан турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Осылайша Ерболат ердің есімі ел есінде мәңгі сақталып қалды.

"Ер есімі - елесінде" деген осы да!

Ерназ Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT