Ер есімі ел есінде қалмақ

Жуырда ауданымызда аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІІ сессиясы өтті. Мұнда Қара Арна мен Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі көшелерге атау беруге ұсыныс енгізу туралы, сондай-ақ өңіріміздегі ауылшаруашылық жайылымдары туралы сөз болды. Жиынға өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген депутаттар мен аудандық округтердің мамандары, тұрақты комиссия төрағасы қатысты.

Дөңгелек үстелді айнала қоршағандар алдымен көше атауына ұсынылған жандармен танысты. Оларға Қара Арна ауылдық округі мен Ақкиізтоғай ауылдық округтерінің бас мамандары баяндамаларын оқып, екі ардагердің өмірбаянымен таныстырды. Олардың бірі шоқпартоғайлық Сұлтанғали Таласов еді. Он сегіз жасқа толған шағынан бастап сол Шоқпартоғай ауылында жеке шаруашылықпен айналысып, етікші болып қызмет еткен ол кейіннен Ұялы ауылындағы Оян, Қызыл Дихан серіктестіктерінің мүшелігіне қабылданып,он бес жыл ұсталықпен күн көрген қарапайым тұрғын. Ұлы Отан соғысының екінші жылы басталғанда, яғни, 1942 жылдың қаңтарында Ракош ауылдық кеңесінен әскер қатарына шақырылып, Оңтүстік Батыс майданы құрамында Курск бағытындағы шайқастарға қатысқан. Сөйтіп 1944 жылдың мамырында інісі Жұмағали Таласов ауыр жарақаттанып, ағайындылар ауылға қайтарылған. Міне, сол уақыттан бері мүгедектігіне қарамастан еңбекке араласып, 1942-1948 жылдар аралығы Ракош ұжымшары төрағасының орынбасары, 1948-1951 жылдары осы ұжымшардың төрағасы қызметінде еңбек еткен ол одан кейін де адал тер төге жүріп, халқының қамы үшін тізе бүкпестен жұмыс атқарды. Атап айтсақ, 1951-1952 жылдар аралығында Орал қаласындағы ұжымшар төрағаларын даярлайтын ауыл шаруашылығы мектебінде білім алып, оны аяқтаған соң Жаршық ауылындағы Қызыл Ту ұжымшары төрағасының орынбасары, кейіннен, шаруашылықтағы маман мұқтаждығына байланысты он айдай Қияқ ауылында мотор жөндеуші міндетін атқарды. Майдандағы ерлігі үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.

Ал Ақкиізтоғай ауылының көше атауына ұсынылған Ахмет Байниязов Ұлы Отан соғысының ардагері, 1941 жылдан бастап Украина майданында 232 атқыштар полкінде соғысқа араласқан. 1943 жылы Полтава қаласында болған шайқаста оң қолына оқ тиіп, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралды. Сол уақыттан бері ұстаздық қызметпен айналысып, ауыл балаларының білім алуына сүбелі үлесін қосты. 1947 жылы «Бірлік таң» бастауыш мектебінің меңгерушісі, 1954 жылы Куйбышев мектебінің меңгерушісі болып, ал 1955-1969 жылдар аралығында Амангелді атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Елін қорғап, азаматтық парызын өтеуді алғашқы орынға қойған абзал азаматтың жеңісті жетістіктері үшін берілген марапаттары да аз болмады. Олар: «Халық ағарту ісінің озық қызметкері белгісі», «І дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Кеңес Одағының Маршалы Жуков» медалі, «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 40 жыл» медалі, «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 50 жыл» медальдары. Сондай-ақ ардагер – Қазақстанның Алтын кітабына да енген алғыс арқалаған ардақты тұлға. Міне, осы азаматтардың есімдері көше атауына ұсынылып, ел жадында қалуы мәслихаттың кезектен тыс сессиясына жиналғандардың оң пікірін алып, алдағы сессияда қолдау тапты.

 

Ал жиынның келесі күн тәртібіне көшкен қатысушылар алдымен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының баяндамасын мұқият тыңдады. Мұнда бөлім басшысы 2025-2030 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөнінде жоспарымен бөлісіп, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерге не үшін жайылым жерлері кешіктіріліп жатқанын баяндады. Бұл жөнінде:

- Өңірдегі жайылымдарды біз ұтымды пайдалану үшін, жем-шөпке қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету үшін, жайылымдардың тозу процестерін болғызбау үшін пайдаланып келеміз. Және бұл жоспарымыз Құлсары қаласынан бөлек, Жаңа Қаратон кенті, Қара Арна, Жем, Майкөмген, Ақкиізтоғай, Қосшағыл ауылдық округтерінде жасақталып келеді. Құжатты әзірлеу кезінде аймақтың жер балансының және мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінің дерегі, жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау мәліметі, мал қорымдары туралы мәліметі, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап өтуге арналған сервитуттар туралы дерегі, шалғайдағы жайылымдарда жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының саны туралы ақпараты, жайылым айналымдарының ұсынылатын схемалары, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар ұсынған өзге де деректер қажет болады. Ал елді мекендердің шекараларына тікелей іргелес аумақта орналасқан, мемлекет меншігіндегі жайылымдар жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін, халық мұқтаждығын қанағаттандыруға пайдаланылады. Одан бөлек, иә, біз 2020-2021 жылдағы жайылым жерлерді халық игілігіне енді ғана беріп жатырмыз. Оның өзіндік себептері бар. Бірақ алдағы 1-2 жылда 2025 жылдың кезегіне де үлгеріп қаламыз. Сөйтіп, көшке ілесеміз деген жоспарымыз бар,-дейді бөлім басшысы Жәнібек Сабыров. Жиын қатысушылары кешіктірілудің басты себебін анықтауды талап етті. Және аудандық ауыл шаруашылығында кадр жетіспейтіндігін алға тартты. Бұл пікірлерге аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов та өз ойын білдіріп, депутаттардың бұл ұсынысын түртіп алып, ауыл шаруашылығы бөліміне мамандар қажеттігін ескеретінін жеткізді.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясының соңында ауданымыздың кәсіпкерлік саласында айрықша орны бар Ерлан Нұрланов өзінің «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы қызметінің аяқталғанын растады. Оған жиынға қатысушылар алдағы өміріне сәттілік пен толағай табыс тіледі.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT