Ер есімі ел есінде қалған күн

Ер есімі ел есінде қалған күн
Фото: Е.Ахметкәрімов

Өткен 2023 жылдың желтоқсан айының 12-сі тек Махамбетовтер әулетінің ғана емес, барша жылыойлықтар үшін ерекше есте қаларлық күн болды. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде қаза тапқан қайсар жүректі жылыойлық Асылжан Махамбетовке Құлсары қаласынан көше атауы берілді. Ол жауынгерлік жорыққа бірге аттанған қарулас жолдастарының өмірін қауіп-қатер құрсауынан құтқарып, небәрі 18 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен-ді. Бірақ, аз ғана ғұмырында артында ғибратты із қалдыра білді.

1996 жылы 15 сәуірде дүние есігін ашқан Асылжан Махамбетов Құлсары қаласында туып, №1 мектептен түлеп ұшты. 2014 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының әскері қатарына азаматтық борышын өтеу үшін аттанып, Жамбыл облысы, №30212 Отардағы артиллерия жауынгерлерін дайындайтын әскери мектептің 2-батарея, 1-взводының сарбазы атанды. Жарты жылдан кейін Ақтаудағы Әскери теңіз күзеті бөліміне ауыстырылды. Борышын өтеу кезеңінде үлгілі сарбаз атанып, бірнеше марапаттарға ие болды.

2015 жылдың 18 қыркүйек күні Ақтау қаласы, Каспий теңізі жағалауында сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың басшылығымен Республика көлеміндегі үлкен әскери оқу-жаттығу жиыны өтеді. Асылжан Махамбетов басқаратын бөлім жауынгерлері мінген БТР көлігі теңіз суына батып, оқыс оқиға орын алады. Бөлім командирі ретінде қол астындағы сарбаздарын құтқарып, соңынан өзі су бетіне шықпақ болған кезінде ерлікпен қаза табады. Осы ерен ерлігін бағалап, 2015 жылдың 15 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетов Астана қаласында Асылжан Махамбетовтың ата-анасын қабылдап, «Ерлігі үшін» медалін табыстады.

Құлсары қаласындағы 6-учаскеде орналасқан №132 көше Асылжанның атына берілді. Оның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Самал Тәжіғалиқызы батырдың есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың тек мұнымен ғана шектелмейтінін жеткізді. Өйткені, жерлесіміздің ерлігі кейінгі өсіп келе жатқан жас өрендерге үлгі-өнеге боларлықтай-ақ. Облыстық мәслихат депутаты, ақын Сырымбек Сарсембаев та ержүрек жылыолық жас жауынгер жөнінде жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, еске алды. Жиылған жұртшылық алдында Асылжанның әкесі Махамбет Сисенов те ұлын сағынышпен еске алып, жүректі тебірентер сөзін айтты.

Асылжан Махамбетов атындағы көшенің ашылу салтанаты батырдың шаңырағында еске алу дастарханына ұласты. Онда Асылжанның рухына дұға бағышталып, естен кетпес естеліктер айтылды.

Ерназ АХМЕТКӘРІМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521