Энергетиктер әулеті

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналы сөз бар. Осы нақыл біз сөз еткелі отырған Хантөриевтер отбасына қаратып айтылғандай. Өйткені өңірдің өндіріс орындарында ұзақ жылдар электрик болып еңбек еткен отағасы Нұрберген Дінқуатұлының әкесі де осы саланың қыр-сырын меңгерген жан. Бүгінде сол кәсіпті кейіпкеріміздің ұлдары да серік еткен.

-Менің әкем Дінқуат Хантөриев көп жылдар ескі Қаратон поселкесіндегі дизельді электр станциясында электрик маманы болып еңбек етті. Кейін мұнай айдау станциясына жұмысқа ауысты. 1983 жылы әскерден келгеннен кейін осы әкемнің ақылымен Тереңөзек кен орнына электрик болып жұмысқа орналасып, осы саладағы алғашқы еңбек жолымды бастадым. Ол кезде қазіргідей «қатырма қағаз» талап етпейді. Жастарға деген сенім күшті ғой. Ең алдымен, үйренуші ретінде орналастым да, кейін арада жарты жылдай уақыт өткесін бірте-бірте разрядым көтерілді, - дейді өткен күндерді еске алған кейіпкеріміз Нұрберген Хантөриев.

Талабы таудай жас жігіттің бойында әкенің қанымен дарыған қабілет бары алғашқы күндері-ақ байқалды. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген бар емес пе, жас баланың іс-қимылынан осы қасиетін анық аңғарған Тереңөзектегі электриктердің бригадирі Мақсот Алашбаев тепсе темір үзер жігітті осы кәсіптің қыр-сырына үйрете білді. Әскерге дейін автокраншылықты оқып, содан басқасын теориялық тұрғыдан игеріп көрмеген Нұрберген мамандықты тәжірибе жүзінде меңгерудің жөні бөлек екеніне көз жеткізеді. Сөйтіп аз жылда сол саланың сара соқпағымен адаспай алға қадам басқан жас та алғыр электрик өзінің әріптес ағасынан көп нәрсені үйреніп, өмірлік азық етіп алады. Бүгінде Мақсот ағасын осы саладағы ұлағатты ұстазы санайды. Асқар таудай әкесінің бағыт-бағдар беруімен энергетик атанғанына еш өкінбейді.

Бүгінгі таңда Нұрберген Хантөриев 4 разрядты электрик. Теңіз кеніші ашылып, бүкіл одақтас республикалар жұдырықтай жұмылып әлемге әйгілі қара алтын қазынасын игеруге күш салып жатқанда Нұрекең де көштің басын сол жаққа қарай бұрды. 1988 жылы Теңіз газ өңдеу зауытына электрик болып қызметке ауысып, үш жылға тарта уақыт жаңа өндіріс ошағының отын жағуға атсалысты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, сол кезде орда бұзар отызға қарай қадам басқан Нұрекең мұнда да жақсы қырынан танылып, осы саланың мықты маманы екенін көрсете білді.

Жас маманның шыңдалуына кәсіби шеберлігін көтеруі де себепші болды. Сол жылдары Теңіз кенішіндегі қазандықтар мазутпен жанатын-ды. Заманға сай өндіріс басшылары Теңіз мұнайымен бірге оның газын да игеріп, өндіріске пайдалануды жоспарлады. Ал жылыту жүйесінде көгілдір отынды тұтынудың тетігін ол кезде көп ешкім қолданып көрмеген еді. Сондықтан Нұрберген Дінқуатұлы секілді бірқатар электриктерді Татарстанға жөнелтеді. Онда үш айлық курстан өтіп, жылыту қазандығы мен өзге де өндіріс орындарында көгілдір отынды тұтынудың қыр-сырын меңгеріп қайтады.

Әрине, өмір болған соң арынды ағысы бір арнамен шектеліп қалмайтыны белгілі. Нұрберген Дінқуатұлы бірер жылдар өз мамандығынан қол үзіп те қалды. Екі жылдай Теңіз кенішінде автокөлік жүргізушісі болып жұмыс жасады. Бірақ «Ат айналып қазығын табар» дегендей, 1993 жылы Қара-Арна кен орнына электрик болып қызметке орналасып, өз кәсібімен қайта қауышты. Міне, сол уақыттан бастап сүйікті ісінен ажырап көрген емес.

Арада екі жыл өткенде Нұрекең Теңіз кенішіне қайта оралады. «Сенімді құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне электрик болып жұмысқа орналасады. Міне, сол кезден бастап ширек ғасырдан астам уақыт осы компанияда табан аудармастан өз мамандығы бойынша еселі еңбек етіп келеді.

-28 жыл ішінде Теңіз кенішіне қарасты көптеген объектілерде, мұнай алаңдарында болдым. Ондағы жаңа өндіріс орындарының ашылуына атсалыстым. Соның ішінде Шикі газды айдау және Екінші буын жобаларын жүзеге асыруға маман ретінде өзімнің үлесімді қостым. Қазіргі таңда әріптестеріммен бірге Келешек кеңею және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобалары бойынша жұмыс жасап, Теңіз кенішінен Үшінші буын зауытының іске қосылуына күш салып жатырмыз,-дейді тәжірибелі электрик Нұрберген Хантөриев.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, Нұрекең кенже ұлы Олжас Дінқуатты да осы кәсіпке баулыды. Ақтөбе қаласындағы политехникалық колледжін «ІТ бағдарламашысы» мамандығы бойынша тамамдаған жас жігіт әскер қатарынан келгеннен кейін электрик мамандығы бойынша қысқа мерзімді курстан өтіп, әкесі еңбек еткен «Сенімді құрылыс» компаниясына жұмысқа орналасты. Бірақ Теңіз кенішінде жаңа зауыт құрылысының аяқталуына байланысты орын алған қысқарту жас маманды да айналып өтпеді. Десе де талапты ұл машықтанып қалған кәсібінен қол үзген жоқ. Тепсе темір үзер жігіт үйде қарап жатпай демалыс уақытында әкесімен бірге жеке тұрғын үйлерге электр жарығын жүргізу секілді қызмет түрлерін көрсетеді.

Қазақта «Ердің атын еңбек шығарады» деген даналы сөз бар. Нұрберген Хантөриев бар саналы ғибратты ғұмырын адал еңбекке арнаған жан. Сонысымен ауылдастары мен әріптестері алдында абырой биігінен көрініп келеді. Алдыңғы толқын аға буыннан тәлім алып, өндіріс озаты атанған азамат өзі де бригадир ретінде ұжымдағы жас мамандардың ақылшысы, тәлімгеріне айналған. Нұрекеңнің тәжірибесінен үйренген жастар бүгінде Теңіз кенішіндегі мұнай өнеркәсібінің әрқилы саласында еселі еңбек етіп жүр.
Отбасында асқар таудай әке Нұрберген Хантөриев өмірлік жары Жұмагүлмен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Алды үйленіп, немере де сүйгізді. Айтпақшы, үлкен ұлы да «ЮРСС» компаниясында бұрын электрик болып жұмыс жасаған. Энергетиктер әулеті қазір Жаңа Қаратон кентінде тұрып жатыр.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

#еңбеккүні

#еңбекадам

#EnbekEri

#адалеңбек

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT