Энергетик

Баршаңызға аян, биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – еңбек адамына деген құрметті арттырудың, жастарды жұмысшы кәсібіне баулудың және қоғамда кәсібилік пен еңбекқорлықты жаңа деңгейге көтерудің жарқын көрінісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өз ісінің шебері – елдің тірегі. Жұмысшы мамандықтар тек қолмен атқарылатын іс емес, ол – ұқыптылық, табандылық пен адалдықты талап ететін үлкен жауапкершілік.

Осындай игі бастамалар аясында ел ішінде өз ісіне адал, қажырлы еңбекпен құрметке ие болған жандар аз емес. Соның бірі электрик–Береке Бағытұлы.

1985 жылдың 11 наурызында Атырау қаласына қарасты Балықшы поселкесінде дүниеге келген ол қарапайым отбасында тәрбиеленген. Жастайынан тағдырдың ащы дәмін татып, 8 жасында әкесінен айырылса да бауырларымен бірге қиындыққа қарсы тұра біледі. Қорғанынан ажыраған анасының да бес бірдей баласының аяққа тұрып кетуі үшін жасаған еңбегі көп. Осындай қиындықтар Берекені ерте есейтіп, өмірге бейім етті. Мектеп қабырғасын 2003 жылы тәмамдап, бірден еңбекке араласуы да - соның дәлелі. Ол алғаш еңбек жолын 2004 жылы орталық аудандық ауруханада медициналық техникаға жауапты электрик болып бастаған. Бұл қызмет оның жауапкершілік пен тәртіпке толы кәсіби жолының бастауы мен баспалдағы болды десек артық айтқандық болмас.

-Бұл мамандыққа түсуіме ешкімнің де қарсылығы болмады. Толықтай өзімнің қалауым десем болады. Әкемнен ерте айырылғандықтан, бала кезден осындай жұмыстарға әуес болдым. Өз өңірімді ток көзімен қамтамасыз етуді өзімнің азаматтық борышым деп есептедім. 1994 жылы отбасымызбен анамның туған жеріне, яғни, осы Құлсарыға көшіп келдік. Содан бері осы жақта өсіп-өніп, отбасылы болдық. Бір салада бірнеше жылдан бері еңбек етіп келемін. Және сол адал еңбектің арқасында жанұямды, бала-шағамды асырап жүрмін. Кейде ойлаймын, адам өзінің жан қалауын таңдаса ғана бақытты болады деп. Мамандық таңдағанда да солай. Қай жұмыстан, қай саладан өзіңді бақытты сезінесің, міне, соны қалау керек. Адам өз өмірінің айнасы ғой. Өзіңді өзіңнен басқа ешкім жақсы білмейді. Мұны балаларыма да жиі айтып отырамын. Және олардың қалауына қарсы болғым келмейді. Қандай мамандық иесі болам десе де, қолдаймын, құптаймын. Себебі сүйіп істеген кәсіп қана сені биік белестерге шығарады, абыройыңды арттырады,-дейді Береке Есмахов ой толғауын жеткізіп.

Жастайынан жұмысқа араласып, тәжірибе жинап қана қоймай, білімін де ұштауға талпынған жас 2009-2012 жылдары Орал қаласындағы Қазақ инновациялық-технологиялық университетінде білім алып, "Электрмен қамтамасыз ету" мамандығын меңгеріп, өз ісінің кәсіби маманы атанған. Сол жылы "Атырау-Жарық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасып, содан бері осы салада тынымсыз еңбек етіп келеді. Мұндағы еңбек жолын электромонтер болып бастаған ол жұмысына деген адалдық пен тұрақтылықтың арқасында шұғыл бригада (аварийная бригада) қызметіне ауыстырылды. Бүгінде ол ауданымыздың тыныс-тіршілігіне жауапты, сенімді маман. Ал оның еңбек ететін орны аудан тұрғындарын және өндіріс ошақтарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді. Бұл жөнінде аудандық электр жүйесінің бастығы Марат Меңдияров:

-Өңір тұрғындары көбейіп, халық саны өсті. Өндіріс ошақтары салынып, қала көркейіп келеді. Жұмысшыларымыз аудан тұрғындары мен өндіріс ошақтарын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуде. Ұжымның ең басты қағидасы - электр энергиясын халыққа тоқтаусыз жеткізу. Жұмысшыларымыз жаздың ыстығы мен күзгі жауын-шашынға, қыстың қаһарлы қарлы боранына да қарамастан еңбек ету үстінде. Олардың бірі, әріптесіміз – Береке Есмахов. Берекенің кәсіби жолындағы басты ұстанымы – істі жан-тәнімен орындау. Өз мамандығын қадір тұтып, оны ел игілігі үшін адал атқаруының өзі жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыратын нақты мысал. Оның еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы жастарға үлгі. Қазіргі таңда ол – бес баланың әкесі. Отбасында да, ұжымында да сыйлы азамат. Талай рет аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Одан бөлек қарапайым жұртшылықтың да алғысына бөленіп жүр. Осындай ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол жандардың ортамызда жүргені, әрине, бізді де қуантады. Сондықтан, Берекедей берекелі жігіттердің көшінен қалмай, ізінен жүрем деген жастар болса, өңіріміз де ерекше қарқын алып, дамуын тоқтатпас еді,-дейді ойын білдіріп.

Иә, «Жұмысшы мамандықтар жылының» да мақсаты - осындай жандарды насихаттау. Өйткені елге жарық сыйлап, тынымсыз еңбегімен көзге түсетін адамдар – мемлекеттің іргетасын берік ұстап тұрған нағыз еңбек ерлері. Және мұндай азаматтардың еңбегінің еленбей қалмайтынына, қарапайым мамандық иесінің де ел ішінде құрметке бөленетінінің ашық айғағы.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT