Еңбек жолын еден жуушыдан бастаған...

Иә, бұл Нұржауған есімді Құлсары қаласының тұрғыны. Өзі – аяулы ана, немерелеріне сүйікті әже. Еліміз енді тәуелсіздік алған қиын жылдары Теңіз кенішіне жұмысқа орналасады. Ондағы ойы балаларының болашағы жарқын, қарны тоқ, киімі көк болсын дегені еді. Ешқандай жұмыс талғамайтын жас әйел «Еңбектің наны тәтті» деп еден жуушы қызметіне кірісіп кетеді. Өйткені ол бұл мамандықты өмір бақи атқармайтынына сенді. Жарқын болашаққа сенді.
Кейіпкеріміз – Нұржауған Өмірзақова Құлсары кентінде өмірге келіп, 1975-1985 жылдары Биікжал орта мектебінде білім алады. Кейін 1987 жылы Атырау қаласындағы кәсіптік-техникалық училищесін бітіреді. Қыз баланың өмірлік миссиясының бірі – тұрмыс құрып, ана атану болса, Нұржауған Амангелдіқызы да өмірге 2 баланы әкелген абзал ана.
Сол балаларының болашағы үшін 1997 жылы «Сенімді Құрылыс» компаниясына жұмысқа орналасады. Ол мекеменің еденін жуып жүріп, алдына зор мақсат қоя білді. Сөйтіп 1999 жылы Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік коммуникациялар университетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Өзі жұмыс жасап жүріп сол жоғарғы оқу орнынан есепші мамандығын алып шығады. Білдей маман иесі мекеменің асхана бөліміне ауысып, содан бері асхананың қойма меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді.

Нұржауған Өмірзақова жұмыста керемет маман, әріптестерінің ортасында беделді. Өзінен «Еңбек адамы деген кім?» деп сұрақ қойғанымызда, ойланбастан:

- Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, менің ойымша, өз міндетіне адал, таза атқаратын адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жанды еңбек адамы деп есептеймін. Ол - диқан бола ма, ол - малшы бола ма, ол - жазушы бола ма, ол - өнер адамы бола ма, әртіс бола ма, бәрібір. Адал маңдай терін сіңіріп тұрып еңбек етуі керек. Еңбек адамы деген тек қана диқанды, шопанды, еден жуушыны ғана білдірмейді. Еңбек адамы кез келген салада болуы керек,-деді тебірене.
Ал үйде аяулы ана. Балаларын бір өзі оқытып-тоқытып, бүгінде сол перзенттерінен өрбіген немерелерінің қуанышын қызықтап отырған әже. Бос уақытында тігіншілікпен айналысып, он саусағынан тамған өнерін ел кәдесіне жаратуды мақсат етеді. Ұлы Әйбек Ұзақбаев та өзі қызмет ететін «Сенімді Құрылыс» мекемесінде оператор болып жұмыс жасайды. Биыл еңбек етіп жатқанына 10 жыл толады.

Соңғы жылдары жастардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сияқты «төрелік» кәсіпті немесе күзет, такси жүргізушісі сияқты жеңіл-желпі жұмысты қалайтынын ешкім жоққа шығармас. Осыдан келіп, елімізде жұмысшы және шаруа кадрларының жетіспеушілігі байқала бастады. Өйткені, мектеп бітіруші түлектің бәрі жоғары оқу орнына түсуге талпынады. Грантқа түсе алмаса, қыруар ақша шығындап, ақылы бөлімде оқиды. Соның кесірінен қолына диплом алып, жұмыс таба алмай, көше кезіп жүргендері қаншама? Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат болып тұрған заманда Нұржауған Өмірзақова секілді үлгілі еңбек адамының қоғамдағы алар орны ерекше болса керек.
Перизат ҚИЗАТОВА

#еңбеккүні #еңбекадам #EnbekEri #адалеңбек

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521