Елін сүйген Есен еді

1944 жылы атышулы Агаев бастаған неміс фашист диверсанттарының Жылой жеріне түскеніне биылғы мамыр айында 75 жыл толды.

Міне, осы жау сарбаздарының табаны туған топырағымызға тиісімен-ақ алғашқылардың бірі болып орталыққа хабар берген азаматтың бірі тұрғызбалық Есен Құдайбергенов екенін біреу білсе, біреу білмес.

Есен ағамыз сол бір сұрапыл соғыс жылдарында Ұялы ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып жүрді. Елдегі адам мен техника күші жетіспейтін ауылдағы ауыр ахуалға қарамастан тылдағы еңбеккерлерді еселі еңбекке жұмылдырып, жұмысты жүйелі жүргізе білді. Осындай қиын-қыстау кезеңде тылдың тыныштығына төнген қауіп-қатерді жете сезініп, дұшпанға қарсы елдегі ерлерді жұдырықтай жұмылдыра білді. Әскери диверсанттарды ұстауда ерекше белсенділік танытып, қырағылығымен көзге түсті. Ерлік ісі ескерусіз қалған жоқ. 1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Кейін жазушы Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты повесінің кейіпкеріне айналды. Өкінішке орай ел ішінде ерен еңбегі, ерлігімен танылған Есен Құдайбергенов туралы бүгінгі өскелең ұрпақ біле бермейді.

Оның өмірі мен еңбек жолының өзі өсіп келе жатқан жас толқынға үлгі-өнеге боларлықтай-ақ! Ол 1914 жылы дүниеге келді. Кеңес өкіметінің жұмысына 16 жасынан бастап араласты. Ауылдың айтулы азаматы болып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Тұрғызбалық ардагер – ұстаз Қоғабай Молдағалиевтың «Шашылған елге шуағы» атты кітабында: «1940 – 1941 жылдары ауданда 2 колхоз мал, егін шаруашылығымен айналыса бастаған. Солардың бірі мен туып-өскен «Каспий» колхозы болатын. Алғашқы басқарма боп жұмыс істеген азаматтардан кейін Есен аға (1950-1959 ж.ж) басқарды. Ал оған дейін 1947-1950 жылдары Есен Құдайбергенов Шоқпартоғай деген жерде «Жаңа жол» колхозын басқарды. Кейін «Каспий» мен «Қызыл ту» колхоздары қосылып, «Қызыл ту - 2» атанды. Оны да төраға болып басқарған Есақаң», - деп еске алады. Осыдан-ақ Есен Құдайбергеновтың ел тізгінін ұстаған іскер азамат екенін аңғаруға болады.

Ол басшылық қызметте жүріп екі рет аудандық, бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. Бұдан ағамыздың ауданның ауылшаруашылығын өркендетіп қана қоймай, халық қалаулысы ретінде қарапайым қара шаруаның мұң-мұқтажына құлақ түріп, ауылдың әл-ауқатын, мәдениетін көркейтуге де көп еңбек сіңірген жайсаң жан екенін көреміз. Кейін колхоздар бірігіп, кеңестік шаруашылыққа айналғанда да Есақаң аттан түскен жоқ. «Ембі» совхозы директорының орынбасары лауазымында жүріп ауыл халқы үшін үлкен тыңғылықты істер тындыра білді. Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін», 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Өмірлік қосағы Ләззат Қалиқызымен бірге үш қыз бен екі ұлды өмірге әкелді. Есен аға тумысынан ақындығы да бар еді. «Елінің құрметті азаматы» атты кітабына енген «Кебіркөлім» өлеңінде:

Кебіркөл ауаң таза, суың тұщы,

Үстіңнен қаз-қараша қалқып ұшты.

Жылқысы Сейсенбайдың мыңнан асып,

Шұбырып Кебіркөлдің суын ішті.

Кебіркөл – ата-бабам жайлаған жер,

Шыңғыртып түзден құлын байлаған жер.

Сапырып сары қымыз тамсандырып,

Кезінде жал мен жая шайнаған жер,- деп атамекенге деген сүйіспеншілігін жырмен жеткізген екен. Ендеше туған жерін жан-тәнімен сүйіп, туған елі үшін аянбай маңдай терін сарп еткен Есен Құдайбергенов сынды қара халықтан шыққан патриот азаматтарды қалай ұлықтасақ та артықтық етпес.

Бозай Қарамолдиев,

Тұрғызба ауылы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521