Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда зейнетақы мөлшері 1,7 есе өсуі керек. Сол себепті, мемлекет жаңа жылдан бастап төлемдерді қайта қарастырып, индексация жүргізуді жоспарлап отыр. Келер жылы зейнетақы мөлшері 8,5%-ға өспек.
Елігімай ТӨҢКЕР
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Алдымызда 2027 жылға дейін зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін, ең төменгі күнкөріс деңгейін 70%-ға, ал жоғарғы шегін 120%-ға жеткізу мақсаты тұр. Орындалуы үшін сатылы қадамдар легі басталып кетті. 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 240 теңгеге көбеймек. Яғни 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге көтеріледі. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен зейнетақы көлемі де ұлғаймақ. Үкімет зейнетақы төлемдерін ел тұрғындарының жасы мен еңбек еткен жылдарына қарай 8,5%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Нақты айтар болсақ, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге болды. Қазір – 57 853 теңге. Базалық зейнетақы 28 215 теңгеден 32 360 теңгеге өседі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге көбейеді. Ал ең төменгі жалақы деңгейі еш өзгеріссіз қалмақ. Яғни 85 мың теңгені қанағат тұтамыз. Келер жылға республикалық бюджеттің біршамасы белгіленіп те қойды. Әлеуметтік төлемдердің 42 түріне 6 трлн теңгеден астам шығыс көзделді. Биылмен салыстырғанда 12,5%-ға өседі.
Еске сала кетейік, қазір елімізде 2 млн 400 мыңнан астам зейнеткер бар. Оларға жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңгеге жуық зейнетақы төленді. Оның ішінде, базалық зейнетақыға 1 трлн 82 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 2 трлн 355 млрд теңге бөлінген. Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгеге жетті.
2018 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр адамға жеке-жеке тағайындалып келеді. Яғни азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріледі. Оны заңда белгіленген нормаларға сәйкес, өз қалауынша шешіп алуға да болады. Кейінгі уақытта қордан ақша шешу қарқыны үдей түсті. Өткен айда жинақтарын шешіп алғандар саны айтарлықтай артқан. Көбі шоттағы ақшасын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаған. Бұған 56 мыңдай өтініш түскен. Қазан айымен салыстырған 25%-ға артық. Жалпы, барлығы 46,3 млрд теңгеге жеткен. Ал емделуге 21 мыңға жуық өтініш келген. Бұған қордан 20,5 млрд теңге аударылды.
Бас банктің хабарлауынша, биыл қарашада БЖЗҚ-ға аударымдар 20,7 трлн теңгеге жеткен. 31 жастан 40 жасқа дейінгі салымшыларда жинақтардың ең көп көлемі 6,02 трлн теңге болып отыр. Осы топқа жататындар саны 3 млн-нан көп. Ал 41 жастан 50 жасқа дейінгі отандастарымызда 5,95 трлн теңге болған. Мұндай 2,4 млн шот бар. Бәрінен бұрын 51 мен 60 жасқа дейінгілер көп ақша жинаған – 5,2 трлн теңге. Қызығы, ең аз зейнетақы жинақтары егде жастағыларға тиесілі екен. 71-80 жастағы салымшылардың шоттарында 8,9 млрд теңге, 81 жастан асқандарда 1,6 млрд теңге бар.
Айтпақшы, зейнетақы жинағына мұқият болған абзал. Бұлай дейтін себебіміз, кейінгі кездері осыған қатысты жалған, қауіпті ақпараттар жиі тарап жүр. Әлеуметтік желілерде, онлайн-хабарландыру платформаларында ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын зейнетақы жинағын алуға көмектесемін деген ұсыныстар қаптаған. Оны тек зейнет жасына толғанда, шетелге кеткенде яки мұрагерлік үшін ғана алуға болатынын ескерген жөн. Зейнетақы қорының баспасөз қызметі заңда бекітілген жағдайдан басқа себеппен қаржыны шешіп аламын деу алаяқтық деп мәлімдеді. Егер заңсыз қызметке келіссеңіз, ақшаңыздан айрылып қаласыз. Қауіптің алдын алу үшін заң бойынша ақшаны қандай мақсатқа алуға болатынына назар аударайық:
- Ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар (ТЖШ-дан асатын сома шегінде);
- Зейнетақысы жоғалған табыстың (бұрын алынған жалақысының) кемінде 40% құрайтын зейнеткерлер – олар шотта қалған жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады;
- Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинақтарының 100%-ына дейін пайдалана алады);
- Зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинақтарының 100%-ына дейін пайдалана алады).