Бүгін Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткен жиында елімізде жүріп жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталды. Ол алдағы Конституциялық реформа мен жаңа саяси жүйеге қадам басу қажеттігін атап, барлық салада цифрландыру мен жасанды интеллектіні жүйелі енгізу маңызды екенін айтты.
– Елге заң үстемдігі мен тәртіп ауадай қажет. Бұл қағидат жаңа Конституцияға міндетті түрде енгізілуі керек. Бас прокуратураның рөлі аса маңызды, қызметкер заң бұзушылыққа бейтарап қарай алмайды, – деді Президент.
Сонымен қатар, киберқылмыстың өршіп бара жатқанын айтып, құқық қорғау органдары цифрлық қатерге бір қадам алда болуы және киберқылмыспен күрес тәсілдерін қайта қарауы тиіс екенін жеткізді.
Елде бәрі ретімен, заңға сәйкес болғаны жақсы. Қай жерде тәртіп жоқ болса, сол жерде проблемалар көбейеді. Ал цифрландыруды әр мекеме өз бетінше жасап, ақша шашып жатқаны дұрыс емес – бәрін бір жүйеге келтіріп, тиімді қолданған жөн деп ойлаймын.
Жылыой аудандық ветеринария бөлімінің басшысы
Нұрболат Өрбісінов




