ЕЛІМ ДЕГЕН ЕРЛЕР БАРДА...

Иә, Құлсарыда Төтенше жағдай жарияланғалы жержерден гуманитарлық көмектер ағылып жатқанын көріп жатырмыз. Қаламыздың қайғысына ортақтасқан қалың қазақ елі қол қусырып қалған емес. Қазіргі таңда апаттың беті қайтып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда абдырап қалған халыққа моральдық та, материалдық та көмек ауадай қажет. Қарапайым халықтан бөлек кей ел ағалары да азды-көпті өздерінің көмегін жіберуде. Соның бірі – кезінде Атырау облысының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов.

Иманғали Нұрғалиұлының тікелей демеушілігімен күні бүгінге дейін аудандағы 2000 отбасыға жәрдем берілген. Оның ішінде 1000 отбасыға азық-түлік, 500 шаңыраққа көрпе-төсек және тағы 500-іне ет таратылды.

Осы қайырымдылық істі ұйымдастырушы ретінде басықасында қызмет етіп жүрген Сәбит Бауыржанұлы:

-Алыстағы ағайынның басына сынақ түскенде, бейжай қарап отыра алмадық. Арнайы Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың бастамасымен және демеушілігімен қолға алынған қайырымдылық ісі әлі жалғасып жатыр. Біз бастан-аяқ осы жерде өзіміз таратып, барынша қызмет жасаймыз. Және сатып алынған заттар тізімі халықтың өзінің сұранысымен жасақталды. Бұл жерде тек әкімшіліктен арнайы анықтама алған отбасыларға ғана таратып жатырмыз. Осындай қиын жағдайда, барша қазақ елі жұдырықтай жұмыла білуіміз керек деп ойлаймын,-деді өз сөзінде.

Қайырымдылық шарасы аясында 4 ірі қара малы мен 150 бас қой сойылып, тұрғындарға таратылды. Бұл акцияның аясында арнайы құран оқылып, апат болған аймақтардың амандығын тіледі.

Иә, қараның арасынан шыққан ерлер ғана қара халықтың қамы үшін қызмет етпек. Сондай нар тұлғалы азаматтар барда ауыртпалық арқасына аяздай батқан елдің еңсесі түспек емес. Осыны ойға ала отыра, жылыойлық жұртшылықтың атынан да ұйымдастырушыларға, Иманғали Нұрғалиұлына үлкен алғысымызды білдіреміз. Құлсарының көңіл көгінен қара бұлт арылып, қаламызды қайғы торламасын деп тілейміз.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT