«Елге мәлім Ақ молда»

Кешегі келмеске кеткен қызыл империя өзінің қол астындағы қазақ халқына коммунистік идеологияны сіңіру үшін, ең алдымен, елдегі қожа-молдаларды қудалап, көзін құртуға тырысты. Өйткені ғасырлар бойына салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен хақ исламның ілімі арқылы олар қалың бұқараны ауызбіршілікте ұстап, жұртты соңынан ерте білді. Сондай асыл дінімізді ардақтаған жанның бірі - Қабиболладай әдебиет алыбын өмірге әкелген Сыдиық Ишанұлы еді.

Жалпы кез келген халықтың үш тірегі болады. Ол – тілі, ділі мен діні. Жем бойындағы жұртқа «Ақ молда» ретінде кеңінен танымал болған Сыдиық ақсақал сол үш тұғырдың бірі – ислам дінінің хақ жолымен жүрді. Осындай жаны таза, жүрегі кең қадір-қасиет иесінен халқымыздың қазынасын дәріптеген ана тіліміздің хас шебері, ақын-жазушы, әдебиетшіғалым Қабиболла Сыдиықовтың тууы бекер емес-ті.

Құлсарыдағы аудандық орталық кітапханада өткен «Елге мәлім Ақ молда» атты «дөңгелек үстел» осы дін мен дәстүрді сабақтастыра білген Сыдиық Ишанұлының тарихи тұлғалық қасиетін дәріптеуге арналды. Осы бағыттағы әдебиеттерді насихаттау, жастарды имандылыққа баулуды мақсат тұтқан шараға мәдениет ардагері Қобылан Құдасбеков, Игілік Ізімқайырұлы, ақын Мәтжан Жаңабаев және «Құлсары» газетінің бас редакторы, журналист Әбдіхалық Сисенбердиев қатысып, Сыдиық Ишанұлы туралы оралымды ойлары мен парасатты пікірлерін ортаға салды.

Шараны жүргізген кітапхананың ақпараттықбиблиографиялық бөлім меңгерушісі Ж.Алашбайқызы «Ақ молда» атанған Сыдиық Ишанұлының қысқаша өмір жолы, жалғыз ұлы көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Қабиболла Сыдиықовтың атаанасына, туып-өскен жеріне арналған өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынды. №19 орта мектептің оқушылары Төре Бейбарыс Қ.Сыдиықовтың «Киіз үй», Серік Іңкәр «Туған жер», кітапхана әдіскері Ж.Қожанова «Туған ел», кітапханашы Ілес Балбала «Бекет ата» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Кітапханашы А.Алдақова «Діни сауаттылық – қоғамның негізі» атты дін туралы әдебиеттерден жасақталған көрмеге шолу жасады. «Дөңгелек үстелге» қатысып, орнықты ой айтқан оқырмандарға алғыс айтып, сыйлыққа кітап тарту етілді.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT