Елеусіз әрі керек мамандық

Жұмыстың түрі көп қой. Соның ішінде үнемі есімдері ел ішінде елеусіз қалатын, тіптен мереке атаулы кезінде аттары да аталмайтын, медаль-орден, марапат та еншілеріне тие бермейтін кәсіп иелері бар. Ақиқатын айтар болсақ, бұл мамандықты қалайтындар да саусақпен санарлықтай аз. Оның себебі көп болар: мардымсыз жалақы, қоғамдағы елеусіз болмыстары, жоқ мәртебесі. Олар- көше тазалаушылар.

Соған қарамастан бұл жұмысшыларды әрдайым жұмыс үстінде көресіз. Бірі қолдарына күрек алып көшедегі қоқысты тазалап жатса, енді бірі сіздің үйіңіздегі полиэтилен қалталарды машинаға тиеп жатады. «Бізді неге елеусіз қалдырасыздар?» деген ой қаперлеріне кіріп-шықпаған. Ал шындығында олардың еңбегі ауыр, тіптен денсаулыққа да қауіпті. Себебі , әр үйден шыққан қоқыста небір ауру тудыратын бактерия да, түрлі зиянды нәрселер болуы әбден мүмкін.

Апта сайын олар үйіміздегі қоқысты алып кетеді. Әдетте қоқыс салуға арналған темір бөшке ауланың кіре берісіне қойылады. Көше тазалаушылар әр апта сайын сол шығарылған қоқыстарды үй иелерін мазаламай-ақ, дабырлап аттандамай-ақ үн-түнсіз алып кетіп жатады. Кейде ол қоқыстарды бөшкенің беті ашық қалғандықтан қаңғырған ит-мысық шашып тастайтыны бар. Көше тазалаушылар ондайда еш қабақ шытпастан оларды да жиып-теріп әкетеді. Бұл үйреншікті көрініс болғандықтан, бұған еш мән бермейміз. Сол жұмысшыларға көз тоқтатып, жүздеріне қараған да емеспіз. Бір мәрте болса да алғыс айтып көрмедік.

Ал енді көше тазалаушысы жоқ қаланы көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Тау-төбе үйілген қоқыстар мен олардан тараған түрлі ауру туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

Иә, біз бұған дейін оларды тоқтатып, бір рет болса да рахмет айтпаппыз. Олардың жүздеріне бір рет болса да назар салмаппыз. Олар- көше тазалаушылар.Рахмет, сіздерге! Өзіміз тәрізді жұмыстан мүлдем қолы босамай үнемі алашапқын боп жүретін, сан мәрте жандарыңыздан сіздерді көзге де ілместен өте шыққан барша жандардың атынан алғыс! Еңбектеріңіз жана берсін! Қала тазалығына, адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлестеріңіз үшін рахмет!

С.ТӘЖІҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521