Өткен аптада аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімде әскерге шақырылатын сарбаздарды іріктеу басталды.
Жиынтық пунктінде қызу қарбалас. Әскерге шақырылған аудан жастары тіркеліп, алдын ала іріктеуден өткізілді. Кейін қабілетіне қарай әскердің қандай түріне жіберілетіні шешіледі.
-Қазіргі таңда ауданда 3,5 мыңнан астам әскерге шақырылушы әскери есепте тұр. Осы жылы көктемде әскерге шақырушылар саны жүктеме бойынша – 97 азамат берілген болса, біз 101 азаматты әскер қатарына жібердік. Яғни жоспарды 104 пайызға орындадық. Аудан жастарының әскер қатарына баруға ынтасы зор. Күзгі науқанды да осындай межемен аяқтауға үлес қосады деп сенеміз. Қазіргі таңда күзгі шақырушыларды іріктеу, олардың құжаттарын зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанына жергілікті атқарушы орган қол ұшын беріп, материалдық ресурстарымен қамтамасыз етіп келеді, - дейді аудандық Қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы Жасұлан Жолдыбаев.
Әскер жасындағы бозбалаларды тіркеу, медециналық тексеру, психологиялық сынақтан өткізу жүргізілуде. Дәліз толы бір бума қағаз құшақтап, кабинеттен кабинетке кезек алып, жастар хирург, көз, тіс дәрігері, лор, дерматолог, невропотолог, психиатр мамандардың алдынан өтті.
- Күзгі әскер қатарына шақырылып отырған жастардың денсаулығын тексеру шарасы басталды. Ертеңгі ел қорғаны болатын азаматтарымыздың денсаулығы мықты болу керек. Сондықтан олар тыңғылықты медециналық тексерістен өткізіледі, - дейді медициналық комиссия мүшесі Самат Жолдыбаев.
Дәрігерлік тексеруінен өткен жастар облыстық Қорғаныс істер жөніндегі департаментіне жолдама алады.
-Мен биыл Орал қаласынан жоғары оқу орнын бітіріп келген болатынмын. Жақында әскерге шақыру келіп, медециналық тексеруден өтіп отырмын. Әрине әскер қатарында болып, Отанды қорғау баршамыздың парызымыз. Сондықтан әскер қатарына шақырылған аудан жастарын немқұрайлылық танытпай, белсенді қатысуға шақырамын, - дейді әскерге шақырылушы Нұрзада Сақтағанов.
Қ.Нұртайұлы.