Еліміздің көшбасшысына айналған кемеңгер тұлғаның елі үшін сіңірген ерен еңбегі осы мерекелік кеште айқын көрініс тапты.
Аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – елдің тірегі» атты мерекелік концерттік бағдарлама болып өтті. Шара шымылдығы «Көңілашар» фольклорлық ансамблінің күмбірлеген күйімен ашылды. Еліміздің көшбасшысына айналған кемеңгер тұлғаның елі үшін сіңірген ерен еңбегі осы мерекелік кеште айқын көрініс тапты.
Аудан әкімі Халел Жамалов арнайы қатысып, жылыойлықтарға жүрекжарды құттықтау тілегін жеткізді. Ол күнтізбеге айтулы күн ретінде енген бүгінгі мерекенің орны ерекше екенін, 1 желтоқсанның егемендік үшін ел тізгінін қолына ұстаған Елбасының жарқын болашақ алдында жауапты міндетті мойнына алған тарихи күн екендігін айрықша атап өтті.
- Баршаңызды 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тұңғыш Президент күні – Елбасы жетістіктері мен жеңістерін ұлықтайтын, өскелең ұрпаққа нағыз елжандылық пен отансүйгіштіктің, азаматтық пен ұлылықтың үлгісін көрсететін күн. Жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – барлық қазақстандықтар және халықаралық қоғамдастық мойындаған ғаламдық бастамалардың бастаушысы, отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарының қорғаушысы, елді кемел келешекке жетелейтін игі істердің қолдаушысы. Елбасының бастамаларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биік шыңдарды бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Тұңғыш Президент күнімен мемлекеттігіміздің тарихы тамырлас жатыр. Біздің басты мақсатымыз – Елбасының төңірегіне топтаса отырып, «Мәңгілік елдің» құндылықтарын қастерлеу, келешек ұрпаққа басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың туын биік ұстап, табыстау, - деді аудан басшысы Халел Жамалұлы.
Мерекелік іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагер-ұстаздар, озық қызметкерлер аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. Бұдан өзге шараға мемлекеттік қызметкерлер, округ әкімдері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Тұғыры биік, тегеуріні мықты ел қалыптастыруда аянбай еңбек сіңірген Елбасының есімін ұлықтауға арналған кештің соңы аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Ш.Хамитова