Ел есінен кетпес есім

Ел есінен кетпес есім
Фото: Е.Ахметкәрімов

Манап Ғалимұлының есімі Жылыой өңіріне ғана емес, аймақ жұртшылығына да жақсы таныс. Ол – ақын, сазгер, термеші, композитор Ілья Жақановтың өзі ыстық ықыласын білдірген. Өткен жылы туғанына 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Манап – мәдениет мұрасы» атты Құлсары қаласында дүркіреп өткен дәстүрлі ән-күй фестивалінде өнер иесінің шығармашылығы өскелең ұрпаққа кеңінен паш етілді.

Ол - Атырау облысының Исатай ауданында туып-өскенімен бар саналы ғибратты ғұмырын Жылыой өңірінің өсіп-өркендеуіне сарп еткен азамат. Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын қазақ тілі және әдебиет және тарих мамандығы бойынша бітіргеннен кейін ұстаздық жолын Мақат ауданында бастады. Кейін Сарықамыс, Қаратон, Қамыскөл мектеп-интернатында басшылық қызметтер атқарды. Ауданның мәдениет бөлімін басқарып, атқару комитетінде, кеңесте басқарушылық қызметте жемісті еңбек етті. Осындай жауапты қызметтермен қатар өнер саласының да өркендеуіне өз үлесін қосты.

Алматы қаласында өткен облыстық ақындар айтысына, жыршы-термешілер сайысына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Үздік өнері республикалық теледидар арқылы бүкіл елімізге насихатталды. Ембі ауданының оркестрін басқарып, Алматы қаласында өнер көрсетті. Елі алдындағы елеулі еңбегі ескеріліп, Ембі аудандық мәдениет бөлімінің, халық депутаттарының облыстық советінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Еңбек ардагері», «Ерлік еңбегі үшін В. И. Лениннің туғанына - 100 жыл толуы құрметіне», «Ұлы Отан соғысына - 40 жыл» медальдарының, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісінің, «Бүкіл Одақтық Фестивальдің лауреаты» дипломының иегері атанды. Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ КСР Мәдениет қайраткері атанды.

Міне, осындай тұғырлы тұлғаның өмірі мен еңбек жолын, өнерін өскелең ұрпаққа насихаттау, оның есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында жақында ауданда игілікті іс-шара өтті. Ол – Құлсарыдан Манап Ғалимұлының атына бір көше атағының берілуі еді. Осыған орай ұйымдастырылған игілікті шара қаланың «Мешіт» ықшамауданында орналасқан көше бойында болып өтті. Оған аудан басшылары мен тұрғындар, Манап ағамен қызметтес, замандас болған ардагер азаматтар қатысты.

Алдымен, шараны жүргізуші ардагер азамат Манап Ғалимұлының өмірі мен еңбек жолы және шығармашылығымен таныстырды. Сазгердің сыр мен жырға толы ғұмырынан өскелең ұрпаққа алар өнеге мол екені айтылды. Жиылған жұртшылық алдында Сембай Ділмағамбетов, Бағытжан Шамкулов, Абай Қабдешов, Жақсылық Садуақасов, Нысан Шоханова сынды Манап ағаның көзін көрген замандастары естен кетпес естеліктерімен бөлісіп, Ғалимұлымен бірге өткізген қызықты кездерін әңгімеледі.

Ақ матаға оралған көше атауының белгісі ресми түрде ашылып, шашу шашылып, құттықтау сөздер әрмен қарай жалғасты. Манап Ғалимұлы атындағы көше Құлсары қаласының «Мешіт» ықшамауданында орналасқан, орталықтағы Махамбет даңғылымен қиылысып жатыр. Шара соңында Манап Ғалимұлының ұлы Нұрсипат Манапұлы келген қонақтарға алғысын білдіріп, болашақта да әке мұрасын насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар атқарыла беретініне сенім білдірді.

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналы сөз бар. Ендеше, белгілі өнер иесінің еңбегі алдағы уақытта да ел жадынан өшпей, әлі талай жұртшылық жадында жаңғырары хақ.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521