Ел ертеңін қуантқан жарқын жоба

«Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия Қорының бастамасымен құрылған «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы шеңберінде 2020 жылдан бері халықтың өз күшімен аудан аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жарқын жоба биыл да сәтті жүзеге асырылып, жергілікті тұрғындардың бірлескен күш-жігерінің арқасында 5 ойын алаңы, бір футбол алаңы және трибуна, спорт алаңы мен ардагерлер монументі ашылды. Олар Құлсары қаласы, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарынан бой көтерді. Бұл жөнінде аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Соның бірі – елеміз егемендік алған алғашқы жылдары бітімгершілік мақсатпен тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан қазақ жауынгерлеріне қойылған ескерткіш тақта. Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағына орнатылған монументке осы ұрыс қимылдары кезінде көз жұмған қазақстандық 46 сарбаздың есімі алтын әріптермен жазылған. Оның ішінде жылыойлық жауынгер Ерлан Мырзағалиев те бар.

«Qoǵamdyq keńistikter» жобасы аясында іске асқан игілікті шараның бірі - Құлсары қаласының 6-учаскесіндегі ойын алаңы. Жасыратыны жоқ, мұндағы тұрғындар өз балаларын ойнату үшін қаладағы «Жансая» саябағына немесе ақылы ойын-сауық орталықтарына алып баратын-ды. «Qogamdyq kenistikter» арқасында көптен күткен ойын алаңы ашылып, оған тұрғындар дән риза болды.

-Шынымды айтсам мұндай әдемі ойын алаңын бұрын көрген емеспін. Көшеде, жолдың бойында топыраққа аунап, үсті-басымыз шаң-шаң болып шапқылап босқа жүгіріп жүретін едік. Ал бүгін, міне, ауылымыздағы аға-апаларымыз бізге керемет ойын алаңын салып берді. Біз мұнда достарымызбен, іні-қарындасымызбен келіп алаңсыз ойнаймыз,- дейді 6-учаскенің кішкентай тұрғыны Кенжебек Алпысбай.

Құлсарыдан шалғай ауылдық округ орталықтарынан салынған алаңдар да қаланікінен бірде кем емес. Айталық Шоқпартоғай ауылынан балаларға арнап ойын алаңы мен оның жанынан шағын футбол алаңы салынды.

-Біз - ауыл ақсақалдары, белсенді азаматтардың күшімен ойын және футбол алаңының салынғанына өте қуаныштымыз, балаларымыз да мәз. Олардың ойынын қызықтап отыратын арнайы орындықтар да орнатып қойыпты. Шыны керек, бұрын немерелеріміз үшін қатты алаңдайтынбыз. Далаға бірге еріп шығып, соңынан қарауылдаймыз деп шаршап та қалатынбыз. Өйткені көзден таса кетсе, ауылдың қай бұрышынан іздерімізді білмей дал болатынбыз. Енді алаңымыз жоқ. Немереміздің баратын жері белгілі, қайдан іздейтінімізді де білеміз. Ұйымдастырушы азаматтардың барлығына шын жүректен рахметімді айтамын,- дейді ауыл ақсақалы Өтеп Бахуов.

Дәл осындай 3 ойын алаңы Тұрғызба ауылынан да қолданысқа берілді.

«Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасының директоры Алма Шолпанқұлованың айтуынша, биыл Жылыой ауданынан 30-дан астам жаңа қоғамдық орын ашу жоспарланған. Әлеуметтік бағдарламаның бірегейлігі сол, мұнда тұрғындар бастамашыл топтарға бірігіп, абаттандыру мәселесін бірлесіп шешеді.

Жоғарыда айтып өткендей, «Qoǵamdyq Keńistikter» жобасы - Орталық Азияның Еуразия Қорының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен іске асырылып келеді. Осы төрт жылдың ішінде бағдарлама аясында Атырау мен Маңғыстау облысынан 150-ден астам қоғамдық орын салынды.

Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521