Ел ертеңін ерлікке үндеген...

Ел ертеңін ерлікке үндеген...
Фото: Е.Ахметкәрімов

Жаңа Қаратон кентіндегі №22 мектеп қабырғасында «Қазақ елі – мәңгілік ел» тақырыбындағы әскери-патриоттық кездесу өтті. Аталған шараға аудандық «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы мүшелері, аудандық білім бөлімі мен қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Бұл шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты отансүйгіштікке шақыру, қазіргі таңда әскери борышын өтеуден жалтарып, қашып жүрген жастарға ақыл айтып, дұрыс жолға тәрбиелеу. Өйткені, тәуелсіз еліміздің тұғырын биік ұстайтын елі мен жерін шынайы сүйген жастар ғана мықты сарбаздар бола алары анық.

Кездесудің шымылдығы мектеп оқушыларының орындауындағы «Ардагерлер маршы» әнімен ашылды. Асқақ әннен әсер алған көрерменге мектеп директоры Райгүл Алданқызы алғы сөзін айтып, алғысын білдірді. Мұндай шаралардың жоғарғы сынып оқушылары үшін ауадай қажет екендігін, алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді. Кездесу барысында Қарағұл Қарымсақов, Сарсенбай Сабитов, Өмірзақ Бекқұл, Асау Даулетов, Нұркен Рзабаев, Мұрат Жұмабаев сынды ардагерлер қоғамының мүшелері өздерінің естен кетпес естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін айтты. Әсіресе, Өмірзақ Бекқұл өзінің әскерде айтқан әндерін шырқап, жастық шағын еске алды. Өздерінің осыған дейін басқа мектеп оқушыларымен де кездескенін, олармен де емен-жарқын әңгіме өрбіткенін жеткізіп, жаңақаратондық мектеп оқушыларына да ағынан жарыла әсерлі әңгіме тиегін ағытты.

Аудандық ардагерлер қоғамы филиалының директоры Құттыбай Нұрбергенұлы да жастарға жүрекжарды тілегін жеткізіп, осы шараны ұйымдастыруға қолғабыс білдірген барша азаматқа алғысын білдіре отырып, оларды арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор Еркін Ізғалиев те кездесудің маңыздылығына тоқталып, жоғарғы сынып оқушыларын Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырды. Және әскери қызмет атқаруды мақсат тұтқан жастарға хабарлама ретінде Қазақстан Қарулы Күштері сапына сардарлар дайындайтын жоғарғы оқу орындарының білім беру процесімен, ондағы жағдаймен таныстырды.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Інжу Көшербайқызы да қазіргі уақытта жастар арасында бұзақылықтың көбейіп бара жатқанын ескертіп, теріс жолға түспей, керісінше Отанын қорғап, әскери борышын өтеп, ата-бабамыздың ерлік дәстүрін жалғастыруға шақырды. Кезінде өзінің қыз да болса, Әлия мен Мәншүк апаларына ұқсағысы келіп, әскери қызметке қатты құштар болғанын еске алды. Сол секілді қазіргі өскелең ұрпақтың да елге деген махаббатпен азаматтық борышын өтеуге ынтық болса деген ниетін білдірді.

Келесі кезекте №22 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, «Сұңқар» әскери патриоттық клубының жетекшісі Арайлым Болатқызы өзінің шәкірттерімен бірге әскери жаттығулар орындады. Әсіресе, ер балалар қару-жарақты санаулы секундта бөлшектеп, қайта жинау бойынша сайысқа түсіп, шапшаңдығын сынға салды.

Кездесу соңында Ислам Сәрсенбай мен Аслан Сәрсенбай «Батырлар ұраны» әнін жанды дауыста орындап, шараға қатысушы жастардың патриоттық рухын бір серпілтіп тастады.

«Қазақ елі – мәңгілік ел» тақырыбындағы әскери-патриоттық кездесу жасөспірімдердің кеудесінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятқандай болды. Шараның түпкі мақсаты да сол еді. Кездесуді ұйымдастырушылар осындай жүздесудің алдағы уақытта да өзге білім ошақтарында жалғасын табатынына сендірді.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT