Сайлауалды бағдарламасы ел экономикасына серпін берді

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында еліміздің барлық аймағында тыңғылықты жұмыстар атқарылып келеді.

Ауқымды бағдарлама – алда атқарылатын реформалардың заңды жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағдарлама жайлы: «Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас. Құжатта азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған» деген болатын. Nur Otan партиясының алға қойған негізгі мақсат-міндеттері бойынша жеті бағытты қамтыған арнайы Жол картасы әзірленіп, партия бағдарламасын іске асыруға арналған нақты іс-қимыл жоспары бекітілді.

Аталған Жол картасының ауқымды бір саласы – «Экономикалық тұрақты аймақ» бағыты. Бұл бағыт бойынша өңірдегі аймақ тұрғындарының табысын арттыру, тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді қолдау секілді атқарылатын ауқымды де өзекті мәселелер бар. Осы бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалы, облыстық мәслихат депутаттары және жергілікті атқарушы орган басшыларын қамтыған жұмысшы тобы құрылып, нақты атқарылатын шаралар күн тәртібіне қойылды.

Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында «Экономиканы әртараптандыру, оның ішінде Атырау, Орал және Шымкент қалаларында мұнайды, газды терең өңдеу және химия мен мұнай химиясы өнімінің экспортын 9 есе өсіре отырып, химия өнімін шығару бойынша 5 зауытты іске қосу есебінен экспорттық және бюджеттік кірістердің өсуі қамтамасыз етіледі» делінен болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойылды. Атырау облысы тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 2025 жылға дейін мұнай көлемін 49 млн тоннадан 55 млн тоннаға, мұнай-химия өндіріс көлемін 2020 жылға қарағанда 35%-ға ұлғайту көзделіп отыр.

Сонымен қатар 2021-2025 жылдар аралығында 10 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Жол картасы бойынша Атырау қаласында бірқатар зауыттар мен өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Атырау қаласында газ-химиялық кешені құрылысын салу; каутикалық сода және тұз қышқылын шығаратын зауыт салу; жеңіл көмірсутектерді терең өңдеу химиялық кешенін салу; пропан, бутан және синтетикалық табиғи газ шығаратын газфракция зауыты құрылысын салу; полиэтиленгерафталата және терафтал қышқылы өндірісін ашу; биоэтанол және пеллеттер өндірісін салу; газ-химиялық кешені құрылысын салу, катализатор өндіру зауытын салу көзделуде. Бұдан бөлек аймақта тығыздалған ауа шығаратын қондырғылар құрылысын салу, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысын жүргізу қолға алынбақ.

Аталған нысандар 2021-2025 жылдар аралығында толықтай пайдалануға беріледі. Мұндай инвестициялық жобалар өңір тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады. Өз кезегінде бұл аймақтағы жұмыссыздық мәселесін сейілтуге сеп болады. Тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету – «Экономикалық тұрақты аймақ» бағытының өзекті саласы. Партияның алдағы 5 жылдағы негізгі міндеті халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау және ұлғайту болатын.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасындағы 63 инфрақұрылымдық жоба бойынша Атырау өңірінде 7113 адамды жұмыспен қамту жоспары тұр. Мұндағы 9 жоба бойынша биыл 322 адам жұмыспен қамтылады. Осындай белсенді шараларды іске асыру арқылы еңбек нарығындағы бос орындарға жыл сайын 12 мыңдай адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ жыл сайын өңірдегі 30-дан астам шетелдік жұмыс күші бар кәсіпорындарға тексеріс жүргізу, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау және қадағалау нысандарына бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі.

Бұдан бөлек «Экономикалық тұрақты аймақтың» ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Бұл бағыт бойынша мал басының өсуін, атап айтқанда, ірі қара малды – 8,8 мыңға, қой мен ешкіні – 28,9 мыңға, жылқыны – 13 мыңға, түйені – 1,6 мыңға, құсты 23 мыңға өсіру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемін 10,3 гектарға дейін көбейту, азық-түлік қоймаларының санын 2025 жылға дейін 24-тен 30-ға жеткізу және оның сыйымдылығын 36,4 мың тоннадан 52 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, әр аудан орталығынан халықтың және шаруа қожалықтарының өнімдерін өткізуге арналған сервистік дайындау-өткізу орталықтарын ашу, негізгі баға өсімін болдырмау мақсатында жыл сайын кем дегенде 260 кәсіпкерлік нысанымен меморандум жасау қолға алынады. 2021-2025 жылдар аралығында Атырау облысында ауыл шаруашылығы бағыты бойынша 5 жоба іске асырылады.

Атап айтқанда, Қызылқоға ауданында тәулігіне 2 тонна сүт және сүт өнімдерін өңдеу цехын салу; Құрманғазы ауданында заманауи технологиялармен жабдықталған балық өңдеу цехын салу және 100 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салу; Қиғаш өзені саласынан балық шабағын өсіру үшін тоған шаруашылығын салу; Исатай ауданында қуаты жылына 150 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу көзделуде. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының бір бағыты – қуатты кәсіпкерлерге дем беру.

Бағдарламада бұл жайында «Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін қысқартып, бизнес үшін кедергілерді жою және бәсекелестікті дамыту арқылы шағын және орта бизнестің қызмет алаңын кеңейтеміз» делінген болатын. Кәсіпкерлік бағыты бойынша Атырау облысында 10 жоба іске асырылады. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кемінде 1 мың жобаны субсидиялау (оның 700-і –көлік қызметі, 50-і – тіс емханасы, 50-і – қонақ үй және мейрамханаларға қызмет көрсету, 30-ы бойынша бөлшек сауда, 170-і түрлі бағыттағы қызметтер) бойынша қолдау, «Еңбек» бағдарламасы аясында 100 кәсіпкерлік субъекті жобасын несиелендіру, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 80 жобаға қайтарымсыз грант беру, «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында 150 жұмыс орнын құрумен 75 жобаға қардылау қолдау көрсету, 2021-2024 жылдар аралығында Махамбет және Жылыой аудандарында «Бизнес инкубаторларды» іске қосу, 2025 жылға дейін жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 25,2 %-ға ұлғайтылады. Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы бойынша Атырау облысында атқарылатын осындай ауқымды жұмыстар бар. Қорыта айтқанда, сайлауалды бағдарлама – елімізді таяудағы бес жылда жаңа даму бағытына түсіретін нақты жол картасы. Бағдарлама бойынша іске асырылатын жоғарыда айтылған жоспарлар мен міндеттер елімізді бәсекеге қабілетті экономикасы, қуатты шағын және орта бизнесі бар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі өркендеген елге айналдыратынына сенім мол.

Замзагүл КАРСАКОВА,

Атырау облыстық мәслихатының депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521