Ел боламын десең, экраныңды түзе

«Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген тәмсіл бар. Иә, шынымен-ақ соңғы кездері көгілдір экраннан көп кинолар көрерменге жол тартуда. Дегенмен «Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, көптің көңілінен шыққанымен, көпе-көрнеу ұятсыз сценаларды көрсетіп жүрген фильмдер аз емес. 

Күлдіру үшін түрлі айлаға көшіп, арзан әзілмен елді алдайтындар көп. Кассасы миллиардтап жинағанымен, ол кинолардың өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі қандай? Әлде ақша үшін арын сатқанның кейпі осы болды ма?!
Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда сөз етіп:
-Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн»,- деді.
Иә, келіспеске амал жоқ. Бәріне күйе жақпағанымызбен, кей фильмдерге ұлттық сүзгі керек-ақ. Әйтпесе, әлдекімдің нашақорлықпен пайда тапқаны немесе жезөкшеліктің жарнамасы неге керек?! Бұрыннан-ақ фильм, телевизия саласы идеология тұрғысынан мықты құрал. Сол құрал арқылы ұрпағымызға ұят пен обалды үйретіп, толғау-толғау тарихымызды санасына сіңірмесек, қаржысы миллиардтан асса да, ұлттық құндылықсыз кинолардың құны көк тиын күйінде қалмақ.

Ерназ Алтайұлы

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT