Ел бірлігі жолындағы жүйелі міндет

Аудан әкімдігі жанындағы Ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Маңызды жиында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, 2026 жылға арналған жоспарлар жан-жақты талқыланды. Отырысқа Нұрдаулет Ақназаров төрағалық етті.

Жиын барысында өткен жылы атқарылған іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға кеңінен тоқталып, ардагерлердің аудан өміріндегі белсенділігі, жастар тәрбиесіндегі рөлі, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы еңбектері ерекше аталып өтті. Ардагерлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асқан тәрбиелік, тағылымдық кездесулер, мерекелік және патриоттық іс-шаралардың қоғам үшін маңызы зор екені айтылды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрдаулет Ақназаров өз сөзінде ардагерлер ұйымының негізгі мақсаты – аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ету, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қоғамдық тұрақтылық пен ынтымақты сақтау екенін атап өтті. Сонымен қатар ол 2026 жылға жоспарланған жұмыстарға тоқталып, ардагерлердің әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлу, жастармен байланыс орнату, қоғамдық шараларға белсенді қатысу бағыттары алдағы кезеңнің басым міндеттері болатынын жеткізді.

 Отырыс барысында алдағы уақытта өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Ардагерлер кеңесі мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, жұмысты одан әрі жетілдіру жолдарын талқылады. Әсіресе, ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың бастамаларын қолдау, аудандық деңгейдегі маңызды шараларға тарту мәселелері назардан тыс қалмады.

Жиын соңында атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалып, тиісті шешімдер қабылданды. Ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ел бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту жолында жүйелі жұмысын жалғастыра бермек. 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT