Ел экономикасын әртараптандырудың қазірдің өзінде нәтижесі бар деп айтуға болады. Статистикаға сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі көлемі бойынша шикізат секторынан асып кетіп жатыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Баян СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ
фото Ақорда
Экономиканы әртараптандыру – ол Үкіметтің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі деп айтуға болады. Мемлекет басшысы да осы мәселеге үнемі назар аударады. Сондықтан Үкімет және құзырлы органдар осы бағытта белсенді жұмыс жасап жатыр. Премьер-министрдің айтуынша өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47%-ды құраса, шикізат секторының үлесі 45%-ды құраған.
«Осы бағытта әрі қарай да белсенді жұмыс атқару керек. Қабылданған шешімдердің арқасында, өздеріңіз білетіндей, біз қазір бірінші кезекте шикізатты экспортқа емес, ішкі нарыққа жіберіп жатырмыз. Осы шаралардың нәтижесінде біз қазір алюминий мен мыс бойынша өңдеу көрсеткіштерін екі есеге ұлғайттық. Бұл – дұрыс нәтиже.
Жалпы экономиканы әртараптандыру бағытында өте маңызды мәселе – ол отандық өндірушілерді қолдау. Мысалы, мемлекеттік сатып алу шеңберінде. Осы бағытта да тиісті шаралар қабылданып жатыр. Біз қазір тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың тізбесін 1,5 мыңнан 4,5 мыңға дейін тауарлық позицияға жеткіздік. Ол деген үлкен қолдау. Яғни, кез келген мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік компания осы төрт жарым мың тауарлық позиция бойынша ешқандай импорттық тауарларды сатып ала алмайды, тек Қазақстанда жасалған тауарларды сатып ала алады.
Осы шараның нәтижесінде биылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың саны 55%-ға өсті, яғни осы келісімшарттардың жалпы сомасы 350 млрд теңгеге дейін жетті», деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы тағы бір маңызды қадам – ол отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттарды жасау екенін атап өтті.
«Осы бағытта да қазір Үкімет және Самұрық-қазына қоры белсенді жұмыс жасап жатыр. Биыл офтейк-келісімшарттардың жалпы сомасы 134 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 есеге жоғары.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде ірі-ірі өндірістік жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыт ашылды. Оның жылдық өндірістік қуаттылығы 1 млн тонна полипропилен. Салыстыратын болсақ, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказдағы барлық мұнай-газ химия зауыттарын алатын болсақ, біздің Атыраудағы зауыттың қуаттылығына жетпейді. Өте ірі және заманауи өндіріс.
Қостанай қаласында Kia компаниясы қазір өздерінің толыққанды цикл бойынша автомобиль шығаратын зауытын салып жатыр. Келесі жылы іске қосылатын болады. Алматыда мультибренд автомобиль шығаратын зауыт ашылады.
Саран қаласында автомобиль шиналарын шығаратын зауыт ашылды. Өте ірі, заманауи өндіріс. Осыны жалғастыруға болады. Мен айтып өткендей, әрбір өңірде осындай ірі жобалар бар.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өңделген өнім экспорты 6,4%-ға өсіп жатыр, керісінше дайын өнім импорты 7,2%-ға төмендеді. Бірақ, әрине біз Үкімет, құзырлы органдар осы бағытта әрі қарай да белсенді жұмыс атқаруды жалғастырамыз», деді Премьер министр.