Оқушылардың табиғат ресурстарын қорғау, экосауаттылығын арттыру, жастар арасында эковолонтерлікті дамытуды насихаттау мақсатында "Эко Толқын" атты экологиялық фестиваль өтті. Оған аудан бойынша 15 мектеп қатысса, ереже бойынша әр топта 7-9 сынып оқушыларынан құралған 12 бала мен 1 жетекші болуы тиіс.
Сайыс үш кезең, яғни үш номинация бойынша өтті. Алдымен "Су, энергия ресурстарын қорғау, үнемді пайдалануды насихаттау" тақырыбында көрініс көрсету кезеңіне кезек берілді. Екінші кезең "Қатты қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру" тақырыбында бейнеролик байқауына арналды. Ал соңғы кезеңде әр топ "Эко-Iife" креативті экологиялық әлеуметтік жобаларын таныстыруы тиіс. Оқушылар фестивальге жақсы дайындықпен келгенін байқатты. Олардың әзірлеген түрлі креативті жобаларынан табиғатқа деген сүйіспеншілігін байқауға болады. Әр топ бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде ұжымдық бірлік нығая түскендей.
Нәтижесінде, «Су, энергия ресурстарын қорғау, үнемді пайдалануды насихаттау" тақырыбында көрініс көрсету номинациясы бойынша І орынды №22 мектеп жеңіп алса, ІІ орынды №16 мектеп, ІІІ орынды №8 мектеп иеленді. Ал "Қатты қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру" тақырыбында видеоролик байқауы бойынша І орынды №20 мектеп алды. ІІ орынды №17 мектеп, ІІ орынды №15 мектептің оқушылары жеңіп алды. "Эко-Iife" креативті экологиялық әлеуметтік жобалар байқауы бойынша І орынды №1 мектептің оқушылары қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды №22 мектеп, ІІІ орынды №17 мектептің тобының еншісіне тиді.
Фестивальді ұйымдастырған Білім бөлімінің әдіскері Інжу Көшербайқызы тек жеңімпаздар ғана емес, байқауға қатысқан барлық мектеп командалары алғыс хатпен марапатталғанын, осындай тәрбиелік мәні зор шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын хабарлады.
Перизат ТӘЖІ