Жылыойлық шаруалар көктем келісімен-ақ ертерек қам-қарекетке кірісті. Өйткені биыл жауын-шашын мол, Жем де жақсы тасы- ды. Сәуірдің соңына қарай басталған егістік жұмысын жуырда ғана өз көзімізбен көріп келген едік.
Жалпы аудан көлемінде 275 гектар жерге егін егілу қажет болса, ол жоспар бойынша жүзеге асқан. Оған көп алысқа бармай- ақ, Қосшағыл ауылдық округіне қарасты Қарағай елді мекені маңындағы алқапта жер еміп жатқан диқандар еңбегі дәлел.
Жер жыртып, тұқым сеуіп, болашақ өнімнің қалыпты өсіп шығуына барын салған шаруалар үшін бұл тек маусымдық еңбек қана емес. Ол бүгінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын нағыз кәсіптің үлгісіне айналды десек артық айтқандық емес. Қызу тіршілікпен біте қайнасқан олардың адал маңдай термен суарылған еңбегі алдағы 2-3 айда өз жемісін беріп, толағай табысқа жеткізеді. Олардың қатарында «Аман-Есен» шаруа қожалығының иесі Аман Сатқынов та бар. Жас шаруаның сөзінше биыл қожалық 70 гектар жерге көкөніс, 30 гектар жер- ге жоңышқа еккен.
- Әкемнің жолын жалғап, бірнеше жылдан бері осы істің басы-қасында келемін. Биыл біз қауын-қарбыздан бөлек, сәбіз, қияр, қызанақ, қырыққабат, жуа сияқты көкөністер де ектік. Қиярымыз бастап пісіп жатыр. Ал қарбыз-қауынымыз шілдеде бабына келеді деп жоспарлап отырмыз. Қазір шаруашылықта 8 трактор және 20-ға жуық адам қызмет етеді. Ал суды Жемнен аламыз. Өзіміздің су құдығымыз бар. Әр 5 күн сайын сутартқыш арқылы тартып аламыз. Биыл су тапшылығы жоқ, шүкір. Егістік жерден бөлек жылыжайым бар. Сонымен қатар отбасымызбен мал шаруашылығымен де айналысамыз,-дейді «Аман-Есен» шаруа қожалығының жетекшісі Аман Сатқынов.
Ал «Қарағай» шаруа қожалығының иесі Айтуар Мырзағалиев биыл егістік алқабын кеңейткенін айтады. Оның үстіне өткен жылы алған жоңышқа ору машинасының да көп көмегі тиіп жатқан көрінеді. Өнімдерінің Мақат, Қызылқоға аудандарына дейін жеткізілетінін қуана хабарлаған ол:
- Осыған дейін 10 гектар жерге егін ексек, биыл 14 гектар жерге дән салдық. Яғни, егістік алқабы үлкейді. Қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, асқабақ бар. Тұқымдар өзінің сортына байланысты 60-65 күнде шығады. Еккен тұқымның шықпай қалуы мүмкін емес, бәрі де өсіп, бүршік жарады. Алдағы шілденің 20-сынан кейін пісіп қалады деп жоспарлап отырмыз. Шаруашылықта өзім бастап, келіншегім қостап, көмекшілерімізбен бірлесе жұмыс жасаймыз. Алдағы жылдары алқап көлемін үлкейтіп, соған сәйкес өнімді де көбейткіміз келеді. Жуа, сәбіз өсіріп көрсек дейміз. Әрине, оған үлкен қаражат керек. Бұйыртса, бәрі де оңынан бола жатар. Қарбыз-қауыннан бөлек 4 гектар жерге жоңышқа ектім. Өздеріңіз көргендей, олар жайқалып өсіп тұр. Ал мұны жинауға өткен жылы арнайы жоңышқа оратын машина сатып алған едім. Мен әкелген уақытта бағасы 8 млн-ға жуықтады. Қазір құны өсті. Оның шаруашылыққа көмегі көп. Өзінің 40 см-ден бастап 1,5 метрге дейін оруға қоятын көлемі бар. Сол арқылы бізге шөпті орап, түптеп (пресс) береді,-дейді өз сөзінде.
Өңірдегі егістік жайын толығырақ білу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Сабыровпен байланысқан едік. Ауданда 7 кәсіпкердің егістікпен айналысатынын айтқан ол сөзін жалғастырып:
- Олар «Аман-Есен», «Бірлік», «Қарағай», «Мереке», «Достан Ата» және тағы да осындай екі шаруашылық. Биыл олар жал- пы есеппен 275 гектар жерге егін салды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама артық көрсеткіш. Ауданымызда егіс шаруашылығынан бөлек асыл тұқымды мал өсіру ісі де жақсы дамып келеді. 2024 жылы бізде 4 шаруашылық болса, биыл оның саны 5-ке жетті. Мал шаруашылығына келер болсақ, 2024-2025 жылдары өңірде мал қыстағына 23 351 бас мүйізді ірі қара, 72 144 бас қой-ешкі, 12 354 жылқы және 10 456 бас түйе қамтылған. Бұл көрсеткіштің өзі өңірде ауыл шаруашылығының өркендеп келе жатқанын дәлелдейді. Одан бөлек ірі сабақты мал азығы 59 200 тоннаға жетті,-дейді бөлім басшысы.
Иә, диқанның маңдай тері мен шаруа иелерінің тынымсыз еңбегі бұл өлкеге ғана емес, маңайдағы аудандарға да береке сыйлауда. Тіршіліктің өзегі еңбек десек, өңір шаруагерлері сол еңбектің шынайы иесі екенін тағы бір дәлелдеп отыр.
Д.ІЗБАСАРОВА