Жылдар жылжып, уақыт өз өрісін кеңейткен сайын тарихта жазылған әрбір тарау алтын параққа айналуда. Әсіресе Ұлы Отан соғысының отты жылдары — адамзат жадынан ешқашан өшпейтін ең қасіретті кезең. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жыл толуына орай өңірдегі тыл ардагерлеріне деген құрмет те ерекше.
Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов еңбек майданы батырларының шаңырағына арнайы барып, ұлық мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Жұмабек Байрақбайұлы бірінші болып Үнзира Әбілғазиеваның үйінде болды. Тыл ардагерін 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, ұзақ өмір тіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығымен бекітілген «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстап, сый-сияпатын ұсынды. Сонау зұлмат заманды еріксіз есіне алған Үнзира Әбілғазиева да аудан әкіміне алғысын айтып, ақ батасын беріп, елде тек бейбітшілік болуын тіледі. Сонымен қатар, Жұмабек Байрақбайұлы тыл еңбеккерлері Жансұлу Қойшыманова, Меңке Бердіғалиев, Замадин Бердіқұлов сынды ардагерлердің де үйіне барып, ілтипаты мен ізеттілігін көрсетіп, мерекемен арнайы құттықтады.
Жалпы, ауданымызда бүгінгі күні 24 тыл ардагері бар. Олардың барлығына да Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған медальдар мен сыйлықтар табысталды. Қан майданда оқ пен оттың ортасында жауға қарсы тұрған жылыойлық жауынгерлермен қатар, тылда тынымсыз еңбек еткен ардагерлер де Ұлы Жеңіс сағатын жақындатуға зор үлес қосты. Олар қарудың орнына кетпен ұстап, аш-жалаңаш күйде күн демей, түн демей маңдай терін сарп етіп, жауға еңбек майданында соққы берді. Ендеше, бүгінгі бейбіт таңды сыйлаған ардагерлерге тағзым етіп, өмір жолынан үлгі алу — азаматтық міндетіміз. Сол парызды жете түсінген ұрпақтың ғана болашағы жарқын болады.
Е.АЛТАЙҰЛЫ