Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі

Биылдан бастап жергілікті атқарушы орган өкілдеріне еңбекақы жаңа жүйемен төленетін болды.

Пилоттық жоба факторлы балдық шкала негізінде жүзеге асады. Бұл туралы облыстық кадр саясаты комиссиясының кеңейтілген отырысында белгілі болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімовтың айтуынша, бұған дейін депаратментте жаңа жүйенің арқасында мемлекеттік қызметшілердің айлығы орташа алғанда екі есеге өскен. Демек, тиімділігін көрсетіп үлгерген пилоттық жоба әкімдіктерге де енгізіледі.

– Біріншіден, жалақы мөлшері – көптеген критерилерге тәуелді. Жасыратыны жоқ, еңбек өтілі мерзімі де өзгеше саналады. Функционалды іріктеу, топқа бөлу – мұның барлығы бізге жаңалық. Бұрын еңбек өтілі жоғары қызметкер жұмыстың нәтижесіне қарамастан көптеу жалақы алатын болса, енді оған қызметінің тиімділігіне қарай жалақы төленеді. 1500-ден астам штат саны мен олардың жалақысы бекітілуде. Сондықтан, жергілікті биліктегі мемлекеттік орган басшыларының міндеті – жаңа жалақы жүйесінің тетіктерін жіті меңгеріп – ұжымда, қоғам арасында дұрыс насихат жүргізіп, ешқандай дауға жол бермеу. Осыған әр басшы тікелей жауапты.

Екіншіден, жыл өткен соң әр мемлекеттік қызметшінің жұмысы бағаланып, осының негізінде бонус мөлшері белгіленетін болады. Тәжірибе көрсеткендей, бонус мөлшері жалақының жеті есесін құрауы мүмкін. Бонус мөлшері әр мемлекеттік қызметшіге жан батарлық мәселе екенін осы уақыттан бастап аңғаруға болады, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов.

Баяндамашының мәлім етуінше, жаңа жүйе – алпауыт компаниялар мекендеген өңірде мемлекеттік қызметтің бәсекелестігіне серпін бермек. Себебі, күні бүгінге дейін облыстық деңгейдегі басшы орташа алғанда 180 мың жалақымен миллиардтаған мемлекеттік қаражатты игеріп келді. Жалақы мөлшерімен сол лауазымды тұлғаға сеніп тапсырылған қызметінің айырмашылығы ақылға сыймайтыны белгілі.

«Сондықтан, жаңа жалақы жүйесі жемқорлықтың алдын алу тетіктерінің бірегейі», – деп атап өтті С.Мүксімов. Ал, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов меритократия қағидатын ұстану – маңызды мәселе екенін атап айтып, командалық ауыс-түйіске жол бермеу керектігін ескертті.

Айбөпе САБЫРОВА

Atr.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521