Қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығы ең алдымен аналардың қажырлы еңбегі мен төзіміне сүйенеді.
Өйткені әйел отбасының өзегі, ұлт тәрбиесінің діңгегі. Әсіресе, көпбалалы аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған немесе асыраушысынан айырылған әйелдердің қоғамдағы рөлі ерекше. Олар күнделікті тіршіліктің, бала тәрбиесінің, отбасылық жауапкершіліктің барлық салмағын көтере жүріп, өз орнын табуға, қоғам өміріне белсенді араласуға ұмтылады. Бүгінде осындай нәзік жандарға қолдау көрсетіп, олардың жаңа өмірге қадам басуына жол ашатын жобалар да аз емес. Солардың бірі «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен үшінші жыл қатарынан жүзеге асып келетін «Қадам» жобасы. Аудандымыздағы әлеуметтік серпінге айналып, әйел қауымының сүйікті жобасына айналған орта жуырда ғана үш жылдық еңбек нәтижесі ретінде әйелдерге арналған «Дәстүр мен даму:қазіргі қоғамдағы әйел рөлі» тақырыбында ауқымды форум өткізді. “Зейін-Атырау” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жалғасып келетін жоба әйелдердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірден бір бастама. 2023 жылы қолдау тапқан бағдарламаға алғашқы жылы 100-ден аса өтінім келіп түсіп, оның ішінен 25 ана қабылданса, кейінгі жылдары 500-ден аса өтініш түсіп, олардың арасынан жылына 50 ана қабылданды. Олар 11 ай бойы түрлі бағытта білім алып, заман талабына сай, сұранысқа ие 5 мамандық түрін, атап айтсақ, шаштараз, бет әрлеу, құрақ құрау, тігін, сондай-ақ аспаз мамандығын игереді. Одан бөлек компьютерлік сауаттылық, СММ, мобилография, бизнес курстарынан өтіп, соған сәйкес сертификаттарға ие болады. Мұнда тек көпбалалы, жұмыссыз аналар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған және асыраушысынан айырылған нәзік жандылар қатыса алады. Алғашқы сабағының өзі психологиялық тренингтен басталатын сабақта еліміздің бас қаласы – Астанадан арнайы келген білікті тренерлер дәріс өтеді. Кейіннен жоба түрлі курстарға ұласып, әрі қарай мамандық алуға бағытталады. Бүгінде жобаға сұраныс жоғары. Одан бөлек аналар қауымының жаңа өмірге қадам басып, олардың табыс көзіне шығып, қоғаммен араласуын мақсат еткен ортада жүздеген ана тағдырын өзгертіп үлгерді. Бұған 2023 жылдан бері қатысушылардың 60%-ы еңбекке араласып, 90%-ы әлеуметтенгені айқын дәлел. Міне, осындай жетістіктерді сарапқа салып, жоба басынан бергі нәтижені бақылаған ұйымдастырушылардың ауқымды форумы да жоғары деңгейді өтті. Мұнда «Н.Назарбаев» университетінің психологі Сымбат Әбдрахманова, «АйSun» балалар жөргектерінің авторы Усила Арманқызы, «Qabilet» қоғамдық қорының директоры Алтынгүл Атабаевалар қатысып, қыз-келіншектерге арналған шеберлік сабақтарын ұсынды. Әйелдердің әлеуетін арттырған әлеуметтік бастаманың форумы аясында «Қадам» жобасының 2023, 2024, 2025 жылғы қатысушылары да төбе көрсетіп, табысқа шығудың маңызды жолдарымен таныстырды. Алғашында қала әкімі орынбасары Самал Сатышева сөз сөйлеп, қоғамдағы нәзік жандылардың рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде жобаның ерекшелігіне тоқталып: -Жасыратыны жоқ, «Қадам» жобасы кейінгі кезде сұранысқа ие. Жасалып жатқан жұмыстарын әлеуметтік желіден жиі бақылап отырамыз. Ауданымыздағы көпбалалы аналарға пайдалы болмаса, зиян емес. Оның үстіне, өздеріңіз білесіздер, барлығы да тегін. Әйелдерден тек ниет болса, білімнің барлығын да үйрететін жоба. 5 түрлі мамандық игеріп, арнайы сертификаттарға ие боласыздар, сол арқылы әрі қарай өз кәсібіңізді ашып немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік аласыз. Тіпті, мамандықтан бөлек, компьютерлік сауаттылық, СММ, мобилография курстары арқылы да жұмыс жасауға болады емес пе?! Қазір нағыз еңбек ететін заман ғой. Сол заманның көшінен қалмай, осындай жобалардан қапы қалмай, бар мүмкіндікті пайдаланып жатқан әйелдерге де басымды ием. Әрине, баланы да тәрбиелеп, тұрмыс-тіршілікке көңіл бөлу, отбасы мүшелерінің асын дайындап, қоғаммен тығыз байланыста болу өте қиын. Десек те, сондай жауапкершілігі мол жұмыстан өзін де ұмытпай, білім алуға талпынған әйел біздің болашағымыздың бастауы. Өйткені олар тәрбиелеген ұл-қыз әкеге қарап бой түзеп, анаға қарап тәлім алып келеді. Сондықтан, әйелдер жасасын, әйелдер дамысын!-деді тілегін жеткізіп. Іс-шара әрі қарай форумға арнайы келген тренерлердің шеберлік сабағымен жалғасып, көрермендердің бизнес, психология, жетістік тақырыптарында білім алуымен ұласты. Аналардың құр келмей, пайдалы ақпарат жинап кетуіне барын салып, оларға жетістікке жетудің 5 қадамын ұсынған «Qabilet» қоғамдық қорының директоры, коуч-тренер Алтынгүл Атабаева да шара барысында әйелдерге қолдау көрсетіп, жобаның мықты тұстарымен бөлісті. -Мен «Қадам» жобасы басталғаннан бері бірлесіп жұмыс жасап, әйелдердің білім алуына өз үлесімді қосып келемін. Иә, басында жобаға келген қатысушылар өз-өздерін таба алмай, өз ортасын таба алмай, өзін таба алмай келіп жатады. Сол үшін алғашқы психологиялық тренингте көбі жылап жатады. Бірінің ішінде балалық жара қалып қойса, бірінің басынан тағдырдың түрлі сынағы өткен. Бірі өткенді ұмыта алмаса, бірі мұң сақтап ғұмыр кешкен. Әрине, өмір болғасын, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара қатар жүреді ғой. Түрлі қиындықтар болатыны да жасырын емес. Осындай өтпелі кезеңдерде өзін тастап жіберетін де әйелдерді көптеп кездестіреміз. Ал жоба, міне, осындай ситуацияларды қабылдап, кешіруден, өткенді жіберіп, осы сәтпен өмір сүріп үйретуден басталады. Ерекшелегі де осыда. Психологиялық тренингтен өткен әйел әрі қарай өзін табуға көңіл бөліп, білім алу арқылы өзіне жақын орта табады. Қоғаммен араласып, кәсіп ашудың мүмкіндіктерімен де танысады. Сондықтан да шығар, жобаға жылдан-жылға сұраныс артуда. Демек бұл аудан үшін маңызды да қажет дүние,-дейді ол өз пікірімен бөлісіп. Ал “Зейін-Атырау” қоғамдық қорының басшысы, «Қадам» жобасының негізін қалаушы Алмагүл Шудабаеваның айтуынша, жоба әйелдерге білім беріп қана қоймай, үздіктерге кәсіп ашуына көмектеседі. Бұл жөнінде ол: -Қаржылай емес, біз құрал-жабдықпен көмектесеміз. Қазір 5 бағытта оқытып жатырмыз, әр бағытта 10 әйелден. Әр бағыт бойынша 2 үздік таңдап аламыз. Ең бастысы сабаққа қалмай қатысу, тапсырмаларды орындау және кәсіби дағдыны толық меңгеру. Өз ісін бастап кеткен әйелдерге біз бастапқы құрал-жабдықтарын алып береміз. Яғни, тігіншілерге тігін машинасын, бет әрлеушілерге құрал-саймандарын алып береміз. Бүгінде қатысушылардың арасында тігін саласына қызығушылық білдіріп, 10 күннен тұратын курсты меңгерген аналар аз емес. Қазір олардың арасында бірігіп, бір орынды жалға алып, киім тігуге тапсырыс қабылдап жүргендер де бар. Осылайша, алған білімдерін іс жүзінде қолданып, алғашқы табыстарын тауып отыр. Сол сияқты құрақ көрпе курсынан өтіп немесе аспаз мамандығын игерген жандар да бірден табысқа шығып, тапсырыс қабылдап отыр. «Қадамға» дейінгі табысы мен «Қадамнан» кейінгі табысын салыстырып, қуанатындар да аз емес. Олардың басты қорқынышы ұзақ жылғы декреттік демалыстан кейін ортаға шығып, еңбекке араласу болса, қазір сол қорқыныштың ізі де жоқ. Басында камераға сөйлеуден қорқатын келіншектер қазір ойын еркін жеткізіп, сұхбаттассаң сайрай жөнеледі. Яғни, өзгеріске ұшырап, өз-өздерін қайта тауып жатыр. Міне, осының бәрі мен үшін үлкен жетістік,-дейді нәзік жандылар үшін тырысып баққан еңбегінің жемісін көріп. Форум барысында жобаның 2023, 2024 жылғы түлектері мен биылғы қатысушылары өз жетістіктерімен бөлісіп, форумға көрермен болып келген аналарға шабыт сыйлады. Солардың бірі жобаны «инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы байқап, өтініш білдірген көпбалалы ана – Айзада Мұқанова. Бүгінде ол құрақ құрау мамандығын игеріп, жоба аяқталмай жатып, осы білімі аясында жұмысқа орналасып кетті. Форум барысында көптің алдында шығып сөз сөйлеген ол: -Бұған дейін үкіметтік жұмыс істеп, айына 100-150 мың теңге табыс табатын едім. Ал жобаға қатысқалы бері өз кәсібімізді дамытып, табысымызды екі, тіпті үш есеге арттырдық. Бұл жоба үйде отырған аналар үшін нағыз мүмкіндік. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әйелдерге, көпбалалы аналарға осындай қолдау қажет. Жасыратыны жоқ, жобаны әлі де білмейтіндер көп. Сол үшін айналама жиі айтып жүремін, бөлісіп жүремін. Ал алған білімімді сол жерде қалдырмай, іс жүзінде пайдаланудамын. Қазіргі таңда аудан орталығы Құлсары қаласындағы «Жадыра» ғимаратының бірінші қабатындағы тігін цехында жұмыс істеймін. Жобаға осындай мүмкіндік үшін үлкен алғысымды білдіремін. Келгеніме еш өкінбеймін,-дейді қуанышын жасыра алмай. Іс-шарада жобаның өткен жылғы қатысушылары мен биылғы қатысушыларының көрмесі қойылып, ол қатарды аудандық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де толықтырды. Олар қолдан жасалған түрлі бұйымдарды көрмеге қойып, форумға келген көрермендердің сауда жасауына мүмкіндік жасады. Одан бөлек әннен шашу шашылып, бишілердің өнерімен жалғасын тапты. Жоба жетекшілерінің айтуынша, “Қадам” бағдарламасы алдағы уақытта тек Жылыоймен ғана шектелмей, Мақат ауданында да жүзеге аспақ. «Себебі еліміздің батыс өңірлерінен жобаға қатысуға ниетті әйелдер саны артып келеді»дейді жетекшілер бұл жөнінде. Өйткені “Қадам” – тек оқыту мен кәсіп бастауға мүмкіндік беретін жоба емес. Бұл қоғамға өз орнын тапқан әйелдердің қайта сенім ұялатқан, рухани тұрғыда түлеген бастама. Кейінгі үш жылдың ішінде “Қадам” жобасы жүздеген әйелге тек мамандық емес, өмірге жаңа көзқарас, өз-өзіне сенімділік және әлеуметтік белсенділік сыйлады. Олар енді тек ана немесе жұбай ғана емес, өз кәсібі мен қоғам игілігіне үлес қосып жүрген кәсіпкер аналар атануда. Жобаның негізгі мақсаты да осы еді. Иә, уақыт ағымымен бірге қоғам да өзгереді. Бірақ ананың қоғамдағы орны бәрібір биік. Ол қай дәуірде де өмірдің өзегі, ізгіліктің бастауы болып қала береді. “Қадам” жобасы дәл осы мәңгілік құндылықты жаңа заман талабымен ұштастыра білді. Бұл бастама әйелдің нәзіктігін емес, оның ішкі қуатын, төзімі мен қайратын көрсетті. “Қадамнан” қадам аттаған аналар ертеңгі ұрпаққа үлгі, табандылық пен сенімнің символы. Олар ең алдымен өзіне сенді, содан кейін өз жүрегінің сенімін ақтады. Бірі кәсібін ашып, енді бірі жаңа мамандық игеріп, отбасына ғана емес, өңірдің экономикасына үлес қосуда. Бұл нағыз әлеуметтік серпіліс екені рас. Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ


