Донор ауданға заман талабына сай аурухана қажет

Өткен аптада аудан әкімдігінде аудандағы емдеу мекемелерінің жай-күйі мен өзекті мәселелерін қозғаған жиналыс өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова, облыстық мәслихат депутаты Айтпай Сисенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандағы емдеу мекемелерінің басшылары мен орынбасарлары, бөлім меңгерушілері, елді мекендердегі дәрігерлік емхана меңгерушілері қатысты. Жиналысты ашқан аудандық мәслихат депутаты Сәуле Мәмбетова бұл басқосудың басты мақсаты – денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуді салааралық үйлестіру мен мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру екенін түсіндіріп өтті.

Дәрігердің әлеуметтік жағдайы қалай?

Орталық аурухананың директоры Нұрбек Үкібаев күн тәртібіндегі мәселеге орай хабарлама жасады. Ол аудандағы емдеу мекемелерінің жалпы сипаттамасын, дәрігер мамандардың саны, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін баяндай келе, осы саладағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. -Кадр тапшылығы мәселесін айтсақ, алдымен, дәрігер мамандарды әлеуметтік қолдауды айта кету керек. Тұрғын үймен қамтамасыз ету – бірінші кезектегі мәселе. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылдың 8 айы қорытындысымен бала мен ана өлімі бойынша көрсеткіштер өсіп отыр. 2017 жылғы 8 айдың көрсеткіші бойынша 10 бала болса, биыл осы уақытта оның саны 16-ға жетіп отыр. Қоғамда екпеден бас тарту мәселесі бар. Суицид мәселесіне тоқталсақ, биыл мектеп жасындағы 5 баладан айырылып қалып отырмыз,-деді ол Құлсары қаласында талапқа сай аурухана салу және Қосшағыл, Тұрғызба ауылдық округтеріндегі амбулатория ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу, сонымен қатар экстрокорпоралды ұрықтандыруға берілетін квота санын ұлғайту, Теңіз вахташылар қалашығында емхана салу, травматологиялық бөлімше ашу қажеттігін айтты. Ауылдық жерлерге жұмыс жасауға барған мамандардың біржолғы көтерме ақысының төмен екенін жеткізді. Медициналық көмектің сапасын арттыру, қолжетімділікті қамтамасыз ету, ұзын-шұбақ кезекті азайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Қазіргі кезде мобильді қосымшалар арқылы кезекке тұру қолға алынуда.

Бала өлімі не себептен көбейіп отыр?

Облыстық мәслихат депутаты Айтпай Сисенов бала өлімі көбеюі, диспансерлік есепте тұрғандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, өңірде жүрек-қантамыр, онкология ауруларының көбейіп кетуі, екпеден бас тарту, елді мекендерден аудан орталығына науқастарды жеткізу, маман тапшылығы мәселесіне орай сауалдарын қойды.

-Бала өлімінің көбею себептерінің негізі – іштен туа біткен ақау, ондай балалар туылғанмен, өміршеңдігі төмен болады. Сондай-ақ ата-ананың бала денсаулығына дер кезінде көңіл бөлмеуі, дәрігердің көмегіне жүгінбеуі – себеп. Диспансерлік есепте тұрған науқастарды дәрімен қамтамасыз ету бірыңғай дистрибьютор АО «Фармация» арқылы жүзеге асырылады. Өкпе аурулар ауруханасын таратып жіберуге, «Жедел жәрдем» қызметінің облысқа қарауына, инфекциялық аурулар деңгейіне шектеу қоюға байланысты биыл қаржыландыру деңгейі төмен. Онкология, жүрек-қантамыр ауруларының көбею себептерінің негізгісі экологиялық ахуал деуге болады. Сондай-ақ науқастардың өздерінің денсаулығына қарау жауапкершілігі төмен. Осы бағытта науқастардың жауапкершілігін арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. 8 айдың көрсеткішімен 33 баланың діни көзқарастағы ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Бұл бойынша теолог, психолог мамандармен жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Елді мекендерден аудан орталығына науқастарды жеткізу мәселесіне қатысты айтарлықтай проблема жоқ. Тек ауа райының қолайсыз уақыттарында, техниканың ақауы болған жағдайларда болмаса. Сосын елді мекендердегі «Жедел жәрдем» көлігі жүргізушілерінің жұмыс режимі реттелмеген. Мамандар мәселесіне келер болсақ, қазіргі таңда 2200 адамға 1 дәрігерден келіп отыр. Бұрын 4000 адамға дейін келетін еді. Енді норматив бойынша 1850 адамнан болу керек деп күтілуде. Ол кезде тағы да кадр тапшылығы болуы мүмкін. Бұл ретте орта буын қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру, мысалы, дәрігер мен медбикенің міндеттерін бөлісуі қажет,-деді Нұрбек Алексейұлы.

Экологиялық ахуалдың денсаулыққа әсері қандай?

Аудандық мәслихат депутаты Ү.Жақашев экология жағдайы, сапалы тамақтану мәселесі туралы өз ұсыныстарын ортаға салды. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің төмен екенін атап өтті. Аудандық орталық аурухана директорының орынбасары А.Кульчикова бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрі-дәрмек қалай алынатыны туралы түсінік берді. Жаңа Қаратон кентінің әкімі Қ.Шарғабаев «Жедел жәрдем» жүргізушілерінің санын көбейтуге ұсыныс жасады. Майкөмген ауылдық округінің әкімі Н.Сауытов «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген мамандардың келісімшарт мерзімін 10-15 жылға дейін көбейтуге ұсыныс білдірді.

-Ауданымызда «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік бағдарламасы бойынша үлкен аурухана салынуы керек. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, ірі компаниялардың тарапынан медициналық оқуларға грант бөлу қажет,-деді аудандық мәслихат депутаты Мақсот Наукенов.

«Жедел жәрдем» неге кешігеді?

«Жедел жәрдем» қызметінің меңгерушісі Ғ.Қалиева қала ішіндегі қиындықтарға тоқталды. Мекен-жайлардың дұрыс көрсетілмеу қиындығы, ықшамаудандардағы үйлердің подъездерінің қараңғылығы, автокөліктердің жағдайы туралы мәселелерді қозғады. Бұған қатысты қала әкімінің орынбасары Д.Ғұмаров түсінік берді. Осы ретте аудандық мәслихат депутаты А.Мұқанов навигация қызметін енгізу туралы өз ұсынысын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова аудандағы емдеу мекемелерін толықтай аралап шыққанын жеткізді.

- Шешуді қажет ететін мәселелер бар. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қиындықтар туралы айтылды. Бұл мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастырудағы кемшіліктерден деп ойлаймын. Жоспарлы түрде жасалу керек. Мемлекеттік сатып алу процестерін халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру керек. Жаңа Қаратон кентінде дәрігерлік амбулатория жеткіліксіз.Тағы айта кететін жай, халыққа медициналық қызмет көрсетуде назар аударатын тұс – ол медицина қызметкерлерінің науқастармен қарым-қатынас жасауы. Суицид және діни көзқарастағы адамдардың екпеден бас тартуы бағытында жергілікті атқарушы органдар жұмыстар жүргізіп жатыр. Ерлі-зайыпты мамандарды баспанамен қамту мәселесі де шешіледі деп ойлаймын,-деді аудан әкімінің орынбасары. Жиналыстың қорытындысымен анықтама дайындалып, ұсыныстар облыстық мәслихатқа ұсынылатын болды. Одан әрі мәселелер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне және облыс әкімінің қарауына жіберілмек.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521