1993 жылдың 12 қарашасында еліміздің төл валютасы туралы Жарлық шықты. Үш күннен кейін, яғни 15 қарашада алғашқы ақшамыз айналымға енді. Таңғы сегізден бастап кеңестік рубльді теңгеге айырбастау басталып кетті. Бұл күн – ұлттық төл теңгеміздің туған күні болып бекітілді.
Теңгенің алғашқы дизайны қалам, калька, тушь арқылы салынды. Ұлттық валютамыздың дизайнерлері: Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалыловтер еді. Қазақстан тарихын, мәдениетін зерттеген шеберлер, алдымен валютамызға атау іздеген. Әуелде «ақша», «алтын», «сом» сияқты атау ұсынылды. Бірақ айналып келгенде «теңгеге» тоқталған. Бұл атауды ұсынған - Халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді.
Теңгенің алғашқы топтамасы Лондондағы «Harrison & Sons» фабрикасында шығарылды. Өйткені сол кезде елімізде ақша басатын фабрика жоқ болатын. Алғашқы теңгені Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалып, ол сегіз күннің ішінде қазақстандық банктерге бөліп берілді. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауымен орындалып, өнеркәсіпке арналған жабдық ретінде тасымалданған.
Тұңғыш қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды. 2006 жылы теңгенің жаңа нышаны таңдалды - ₸ (коды - U + 20B8). Авторлары - Вадим Давиденко және Санжар Амерханов. Ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. Соның арқасында Қазақстан ерекше атаулы күндерде мерекелік банкноттар шығаруға мүмкіндік алды. 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге банкнотасы әлемдегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.
Теңге – жалған ақшадан қорғалған әлемдегі ең қауіпсіз валюта болды. Тіпті, америкалықтар да осы теңгенің технологиясына сүйеніп, доллардың қауіпсіздігін күшейткен. Ал «көк қағаздың» тарихы XVIII ғасырдан бастау алатын еді.
Теңге алғашқы айналымға кірген күні 1 доллар - 4,75 теңге болып бекітілді.
Е.ЕСЕНОВ