Облыстағы маңыздағы шаралардың афишасын «Шектелме» жобасының түлегі Альбина Жәнібекова жасап жүр. Жаңа қаратондық бойжеткен маусым айындағы тегін курсқа қатысып, сертификат алған болатын. Бүгінде ол тапсырыс берушілерге онлайн қызмет көрсетуде. Аз уақытта мамандыққа машықтанып, табыс тауып үлгерген Альбинаның жастарға айтары бар.
- Альбина, сіздің бұған дейін дизайннан хабарыңыз болып па еді? Әңгімені осыдан бастайықшы.
- Жоқ. «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен, Жылыой ауданы әкімдігінің қолдауымен жастарға арналған «Шектелме» жобасы туралы хабарландыруды көрдім де, бірден тіркеліп алдым. Маған жобадағы үш бағыт арасынан дизайн жақынырақ еді. Соған икемім келетіндей көрінді. Дизайнмен «таныстығым» осы жобада басталды.
- Бұған дейін немен айналысушы едіңіз?
- Мен – студентпін. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 4-курсында оқимын. Үйде аз-мұз болдым да, жазғы демалыста табыс табу үшін қалаға кетейін деп жүргенмін. Жолым болып, тегін курсқа қатыстым. Соның арқасында үйде отырып-ақ табыс тауып отырмын. Әзірге қаладан жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Бізге осындай мүмкіндік берген «Жаңаша» қоғамдық қорына алғысым шексіз.
- Альбинаның көзімен «Шектелме» қандай жоба?
- «Шектелме» - ауыл жастарына берілген мүмкіндіктер алаңы. Сабақтар әр округте ай сайын тегін өтіп тұрады. Қазір мұндай курстар көп қой, бірақ оны оқуға кез келгеннің жағдайы жетпеуі мүмкін.
Өз басым ұйымдастырушылардың, тренерлердің жауапкершілігіне, ауыл жастарына деген жанашырлығына тәнті болдым. Менің тренерім – Пернебек Қиясов. Ол бізбен күн-түн демей байланыста болып, қолдау көрсетті. Арнайы бағдарламалармен жұмыс жасауды үйрендік. Мен курсты аяқтасам да, әлі күнге дейін ақыл-кеңесіне жүгініп отырамын.
- Алғашқы тапсырыңыз туралы айтайықшы.
- Ол тапсырысты алуыма да тренерім себепші болды. Қабілетім барына көзі жетіп, сол жұмыстарды жоғары деңгейде жасап шығатыныма сенім артты. Осылайша облыс аумағында өтетін ауқымды іс-шаралардың афишасын дайындауға тапсырыс алып, іске кірісіп кеттім.
- Өзіңіз сынды жастарға не айтар едіңіз?
- Жастар берілген мүмкіндікті пайдаланса деймін, өйткені мұның бәрі біздің игілігіміз үшін жасалып жатқан жұмыс қой. «Шектелме» жобасы аясында тегін білім алып, соның нәтижесін көрген жас ретінде замандастарымды осындай жобаларға белсенді қатысуға шақырамын. Ізденейік! Дамиық! Табысты болайық! Қоғамға қызмет етейік!
- Рахмет, Альбина! Табысты болыңыз!
- Сіздерге де рақмет! Пайдалы жобалар көп болсын!
Саида Смағұл