Директор сайлы болса, мектеп жайлы болады

Директор сайлы болса, мектеп жайлы болады
Фото: П.Қизатова

Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба еліміздің әр өңірінде іске асып жатыр. «Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз.

Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады»,- деген еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында. Ұлттық жобаның басты мақсаты — мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу. Ал Құлсары қаласында күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордалары жоқ емес еді. Соның бірі – Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы №18 мектеп.

Әрине, бұл мектептегі білім сапасының жақсы екенін құлсарылықтар үнемі айтып жүреді. Талай озық ойлы азаматтар тәрбиеленіп шыққан іргелі білім ошағында оқығысы келетін балалар да жетерлік. Мұнда мектептің маңайындағы көп қатарлы ықшамауданның балалары ғана емес, қаланың әр жерінен қатынап оқитын оқушылар бар. Қазір мұнда 2648 бала екі ауысыммен білім алып жатыр.

Көктем айында ғимараты ескіріп қалған бұл мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Сол үшін бюджеттен қаражат бөлініп, оқу корпусының іші мен сырты түгелдей жаңалануы керек-тұғын. Бірақ жауапкершілікті мойнына алған мекеме жазғы 3 ай каникулдық демалыста жұмыстарын аяқтап үлгермеді. Жалпы келісім-шарт бойынша жөндеу жұмыстары жалғаса беруі тиіс. Ғимараттың ішкі жұмыстары қыркүйек айына дейін бітіп, оқушылар жаңарған әрі жап-жарық сыныптарына жайғасты. Бірақ сыртта қарайған жұмыс жасалуын күтіп ол тұрды. Бұл жәйт балалар мен ата-аналарды ғана емес, мектептің директоры Алтынгүл Ибраеваны да уайымдатқаны белгілі. Өйткені, жөндеу жұмыстары оқу процесіне кедергі келтірері белгілі. Сыртқы жұмыстар болса да құрылыс барысындағы қатты дыбыстар ішкі бөлмелерге естіліп тұрары анық. Бұл оқушылардың алаңдамай ұстазын тыңдап, сабақ оқуына көп кесірін тигізеді. Оның үстіне, сырттағы шаруашылыққа қажетті қарайған құрал-саймандардың да балаларға қауіп туғызары хақ. Бұған бей-жай қарай алмаған мектеп директоры Алтынгүл Ибраева жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме басшысымен келісімге келді. Сыртқы жұмыстарды сабақтан тыс уақытта, яғни, кешке ғана жасауға ұсыныс түсірді. Балалардың болашағын ойлаған басшы азаматтар ұлағатты ұстаздар ұсынысын қабыл алды. Сөйтіп арада екі жаққа да тиімді мәміле жасалды.

Осылайша 1 қыркүйектен бастап мектептің сыртқы жөндеу жұмыстары тек кешкі уақытта ғана жүргізіліп келе жатыр.

–Оқушылар күндіз сабақтарын емін-еркін оқиды. Кешке қарай, яғни 19.40-та соңғы сабақ біткеннен кейін, іште оқушылардың қалмағанына әбден көз жеткізгеннен кейін барып жұмысшылар жұмыстарына кіріседі. Жалпы күрделі жөндеу жұмыстары желтоқсан айының соңында аяқталды. Келісім-шарт бойынша да солай болуы тиіс. Балаларға жайлылық сыйлау, олардың алаңсыз білім алуы үшін осылай жасадық,- дейді Алтынгүл Ибраева.

Қазіргі таңда мектеп жаңа жылу қазандығын іске қосуға жұмыстануда. Сондай-ақ, мектептің жертөлесі мен жылыжайы ғана жөндеуден өтті. Ал мектептің сыртын қаптап-сылау, шарбағындағы асфальт жол, төсемтас салу жұмыстары аяқталған.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы оқу жағдайын жақсартуға және оқушылар үшін жайлы білім беру ортасын құруға бағытталған. Жоба шеңберінде қолданыстағы мектептерді жаңғырту, жабдықтарды жаңартумен қатар, мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, жаңа жылыту және ауаны баптау жүйелерін орнату, оқу бағдарламалары мен оқыту әдістемелерін жаңарту көзделген. Жалпы аталған жоба білім сапасын жақсартып, оқушылардың оқу процесіне деген қызығушылығын арттыруға үлкен септігін тигізбек.

№18 М.Сатыбалдиев атындағы мектеп директоры Алтынгүл Ибраеваның басшы ретінде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» осындай ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті еліміз мектептері үшін ұлттық жобаны жүзеге асыруда таптырмайтын мықты күш!

Перизат ТҮРКЕНБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521