Тоғыз жолдың торабында орналасқан Жылыой өңірінде, соның ішінде Құлсары қаласында татулықты ту еткен қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері бірбірімен бірлік пен ынтымақта өмір сүріп жатыр. Басым бөлігі кешегі Кеңестер Одағы дәуірінде қоныс теуіп, жергілікті жерге орнығып, халықпен қоян-қолтық араласып кеткен. Көпшілігі ана тілімізде шұбарлап жүрген кейбір қандастарымыздан жақсы сөйлейді десек, артық айтқандық емес. Ішкі жан-дүниесі қазаққа айналып кеткен олардың арасында асыл дініміз – исламды да қабылдап, мұсылманшылыққа бет бұрып жатқандары баршылық. Оған нақты дәлел бола алатын мысалдар аз емес. Бұл жөнінде Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қағазғалиевтен білген едік.
МҰСЫЛМАН КӘРІС ПЕН ОРЫС ҚЫЗЫ
Жасұлан Қуанышұлының айтуынша, өткен жылдың қазан айында Ольга Сергеевна есімді кәріс қызы Құлсары қаласындағы орталық мешітке келіп, өз ықтиярымен ислам дінін қабылдап, тілін кәлимаға келтірген. Оған Ольганың Құдай қосқан өмірлік қосағының қазақ жігіт екендігі түрткі болса керек. Мұнайлы өңірдің өренімен тағдырын тоғыстырып, өмірін байланыстырған нәзік жанды жергілікті халықтың салтдәстүріне бейімделіп қана қоймай, мұсылманшылыққа да мойынсұнып, иманды да инабатты келін атануға бел буған.
-Ислам дінінен мен даналықты көрдім. Ол адам бойына ерекше адамгершілік құндылықтарын сіңіретін дара дін, - дейді Ольга.
Дәл осы тектес ерекше оқиға Жаңа Қаратон кентінде де орын алды. Ондағы НұрқасСатыбалды мешітіне өзін Дария Сергейқызы деп таныстырған орыстың қызы келген. Қазақ тілінде еркін сөйлеп тұрған бойжеткен бас имам Жалғас Реймовке жолығып, ислам құндылықтарына қызығушылық танытқан. Дінбасының насихатты әсерлі әңгімесінен кейін Дария мұсылманшылықты қабылдап, Алла мен пайғамбарларға, оның кітаптарына иман келтірді.
Осылайша қазақтың тілі мен ділін жақсы меңгерген Дария қарындасымыз қасиетті дініміздің де құндылықтарына қанығып, мұсылманшылыққа біржола бет бұрады. Бас имам сыйлық ретінде «Намаз оқып үйренейік!» кітапшасы мен «Иман» журналының жаңа сандарын тарту етіп, діні бір орыс қызына сәттілік тіледі. Жылыой өңіріндегі имандылық бағытындағы игі істер жалғыз мұнымен ғана шектелмейді.
ШЕТЕЛДІКТЕР ДЕ ТІЛІН КӘЛИМАҒА КЕЛТІРДІ
Бір күні Құлсарыдағы орталық мешіт табалдырығын орыс азаматы аттады. Өзін Анатолий Гнетковский деп таныстырған ол Ресей Федерациясының Самара қаласының тұрғыны болып шықты. Жылыойға жұмыс бабымен ат басын тіреген екен. Христиан дінді жігіт имамнан отбасылық жағдайына байланысты дұға етуді сұрай келіпті. Бірақ мешіт қызметкерінің ислам құндылықтары хақындағы көркем насихаты ресейлік азаматты имандылық иірімдеріне қарай жетелейді. Жай әсерлі әңгіме айтып қоймай, мешіттің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы өзімен бірге ертіп жүріп, жергілікті халықтың жайған дастарханынан дәм татқызып, қазақтың кең пейілді қонақжайлығын көрсетеді.
Осындай қазақшылық пен мұсылманшылықтың қаймағы бұзылмаған жылыойлықтардың дархан көңіліне дән риза болған Анатолий өз Отанына мұсылман болып оралады. Исламды саналы түрде қабылдап, кәлима шәһадат айтып, имандылыққа бет бұрды. Сол күні мешіттегі бесін намазына қатысып, жамағатпен бірге дұға тіледі.
Осыған ұқсас оқиға наурыз айының басында да орын алды. Сол күні жылыойлық жамағаттармен бірге орталық мешітке Венгрия елінің азаматы бас сұқты. Жай келген жоқ, өзін Арато Шандор деп таныстырған ол исламға деген қызығушылығын білдірген. Шетелдікке асыл дініміз туралы толық мағлұмат берген мешіт қызметкері Райымбек Сағындықовтың мағыналы да мәнді насихатынан кейін ол да мұсылманшылыққа бас иді.
Сөйтсек, Арато Шандордың жұбайы мұсылман екен. Сонау Европадан келіп, Жылыой жерінде жұмыс жасап жүрген венгр азаматының имандылыққа бет бұруына Құдай қосқан қосағының да ықпалы болған.
-Асыл дініміздің көп салалы тұстарының бірі - адамдармен қарым-қатынаста әдептілікке баулу. Әдеп – тәрбиелі, әдепті, ұялу, сыпайылық деген сияқты жарасымды сөз бен амалдарға берілген атау. Адамдар арасындағы байланыста да белгілі бір қағида - құралдарға қарап, әдептілікті сақтау көрегенділікке жатады. Ислам адам бойына ізгі қасиеттерді сіңіреді. Өз қандастарымызбен бірге өзге ұлт өкілдерінің де исламға бет бұруы дініміздің осындай асыл құндылықтарынан болса керек, - дейді бізбен әңгімесінде Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы.
Иә, тілімізде таза сөйлеп, ділімізді бойына сіңіріп, дініміздің де діңгегіне тірек болар осындай отандастарымыздың қатары көбейсе, Жаңа Қазақстанымыз бірлік пен татулықты ту еткен жасампаз мемлекетке айналары анық.
Ербол ҚОШАҚАНОВ