ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУ – БАРШАҒА ОРТАҚ ҰЛЫ МІНДЕТ

Соңғы жылдары қоғамымызда Әділетті Қазақстан құру туралы жаңа бастамалар айтыла бастады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне байланысты оны құрудың алғышарттары қандай? Неден бастауымыз керек? деген заңды сұрақтар да мен- мұндалап бас көтеруде. Әділетті Қазақстан құру – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған ірі мақсаттарының бірі. Ел іргесінің мығым болуы, халықтың дәулетінің мол болуы, жердің асты мен үстінің иен байлығы әділеттіліктен бастау алады. Әділетті мемлекетте әділ басшы, әділдікке мойынсұнған бұқара тіршілік кешеді. Әділдік жүрген жерде жемқорлық, парақорлыққа жол жоқ. Ел табысының артуы да, ынтымақ-бірлігінің жарасуы да әділдіктің салтанат құруына байланысты.

Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында: «Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз. Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек.  Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті.

Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек. Төле би бабамыздың: «Әділ төренің туысы жоқ, әділетсіздің ар-ұжданы жоқ» деген өмірлік ұстанымы – адалдықтың, әділдіктің биік өлшемі. Бұл қасиеттер – қазіргі жас ұрпаққа таптырмас үлгі. Төле бидің ғибратты ғұмыр жолы – жастарға да, үлкендерге де рухани бастау.

«Егер сіздің алдыңызда бітпейтін дау болса, айтып қорғаңыз әділдік туралы», – дейді Төле би. Оның әрбір сөзі – тәрбиелік мәні зор адамгершіліктің алтын бұлағы. Ұятты ұмытпауға, жаман қасиеттерден аулақ болуға, еңбекқор болуға шақырады: «Жастықтың басты жауы – жалқаулық, орташасы – ұйқы, ең азы – бағынбау». Асыл іс пен асқақ мінез, парасат, ал Төле би бабамыздың тапқырлығы, әділ шешімдері елге қызмет етемін деген әрбір азаматқа үлгі болуы тиіс».

Мемлекет басшысы әсіресе әділетті қоғам орнатудың басты бағдары ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мәселесіне айрықша тоқталып жүр. Мәселен оның: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», – деп атап өтті. Шындығында, елдің тұрмыстық жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз неғайбыл. Экономика саласында қордаланған түйткілдер баршылық, еліміздің әлі күнге шикізатқа тәуелді болып отырғаны, еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз екені жасырын емес. Ұлттық табыстың игілігін елдің бәрі бірдей көруі үшін оның нақты жолдарын қарастыру қажеттігі анық. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сонымен қатар шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру – кезек күттірмейтін заман талабы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қадірлі отандастар! Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды. Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет.

Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз.

Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!» деуінде түсінген адамға үлкен мән-мағына жатқаны даусыз.

Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс.

 

ТҮЙІН: «Қоғам өмірінің барлық саласы заңмен, құқықтық нормалармен реттелетін мемлекет – әділетті мемлекет. Бұндай қоғамда әділеттілік дегеніміз – ең алдымен адалдық», – депті Америка Құрама Штаттарын құрушы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл философ Бенжамин Франклин. Қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ойшыл Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында: «Адамдардың бір-біріне көмектесуін мақсат еткен ел – ізгі, кемелденген ел», – деп жазып қалдырыпты. Ендеше ең алдымен билік органдары халыққа қарайлауы қажет. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұламаның «Озық әрі өркениетті елдердің негізгі тірегі – әділетті қоғам мен парасатты адамдар» деген сөзі – Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың негізіне алынуы тиіс тұжырым. Дамыған елдер қатарына ұмтылған қоғамның басшылыққа алар басты қағидасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан болады» деп кесіп айтуы халықтың және ел болашағына алаңдайтын қайраткер азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсері сөзсіз!

 

Аяпберген  САЛИХОВ

Исатай ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT