«Әділдік және Өркендеу» республикалық қоғамдық қоры Атырау филиалы қызметкерлері аудан орталығында болып, жергілікті мекеме, ұйым, округтер әкімдерімен, салалық бөлім қызметкерлерімен, жастармен кездесу өткізді.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлы ашып, жүргізіп отырды. «Әділдік және Өркендеу» республикалық қоғамдық қоры Атырау филиалының ұйымдастырушысы Гүлсім Қантөреқызы Биташеваның айтуынша, қордың мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларға өз үлесін қосуға ынталы, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдардың басын біріктіру.
Халық пен билік арасын жақындастыра отырып, ел азаматтарының әрбірінің үнін жеткізу. Сонымен қатар, күнделікті жағдайды назарда ұстай отыра, халықтың пікіріне ден қою, билікке өзекті мәселелерді жеткізу әрі оның шешімін ұсыну. Бұл қазақстандықтарға қордаланған мәселелер туралы ашық айтуға, ол мемлекетке жергілікті жердегі шынайы көріністі түсінуге мүмкіндік береді.
–Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саяси реформалары қазақстандықтардың басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Азаматтар бұл рефомалардың әділдік, ұлттық байлықтың тең бөлінуі, білім мен медицинаның жаңа сапасы, еңбек адамының құқығын қорғау секілді қағидаттарын қолдайды. Алайда, орталықта айтылған реформалар діттеген жеріне жете бермейді. Азаматтар әлі де аз жалақы алып, қомақты салық төлеп жүр, мегаполистерде, шалғай ауылдарда бай мен кедей арасындағы алшақтық ушығып барады. Бұл әділетсіздік және біз жағдайды өзгерткіміз келеді. Сондай-ақ, біздің идеямыздың өзегі – еститін мемлекетті халықтың өз арасынан бастау. Қоғамдық күштер бірігіп, белсенділік танытқанда мәселелер тез әрі тиімді шешіледі. Яғни әлеуметтік мәселелердің шешімін мемлекеттік орган мен азаматтық қоғам бірлесіп тапса керек. Біз үшін өзекті мәселелерді шешуде билікпен конструктивті диалог аса маңызды. Ендеше бізді әділетті әрі бақуатты қоғам құруға деген ортақ мақсат біріктіреді. Ал әділетті қоғамда әр азамат адал еңбегімен табыс тауып, ұрпақ өсіріп, болашаққа алаңсыз қарауына тең мүмкіндік алады,-деді филиал ұйымдастырушысы.
Бұдан кейін ол жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, қоғамдық қордың бастамасын қолдауға шақырды.
Аяпберген САЛИХОВ