Республика күні - ұлттық мереке. Бұл елімізді егемендікке бастаған ұлық мейрам.
Иә, осы азаттықтың арайлап атқан ақ таңын қаймана қазақтың қаншама баласы сарыла күтіп, алаштың арыстары аңсап өткені тарих беттерінен белгілі. Сол Тәуелсіздіктің тізгінін, міне, қолымызға біз алып, оның еркіндігін жанымызбен сезініп жүрміз. Бұл, әрине, бүгінгі ұрпақ үшін үлкен қуаныш, баға жетпес бақыт.
Республика күні - еліміз ең алғаш рет өз алдына дербес мемлекет екенін жаһанға жария етіп, Тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған күн. Бұл - 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бекітілген тарихи құжат. Толығымен ашып айтар болсақ, Декларацияда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі жарияланып, еліміздің саяси құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы айқындалды. Онда еліміз аумағының тұтастығы, оған ешқандай қол сұғылмайтыны жөнінде кеңінен баяндалған. Сонымен қатар, қазақ халқының және қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері мен мәдениетін, тілі мен әдебиетін, ділі мен дінін қадірлеу, нығайту - мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі саналды. Яғни, қазақ жерінде тұратын өзге ұлт өкілдері, өзіміздің қазақ бауырлар секілді өзара сыйластық пен татулықта, бірлік мен ынтымақта өмір сүруі қамтылды, бір сөзбен ел ішіндегі ұлтаралық татулық - еліміздің басты мәселесі болып табылды.
Декларацияда қазақ елінің өз алдына бөлек дербес егеменді ел, тәуелсіз мемлекет екені жарияланды. Еліміз егемендігінің іргетасын қалаған басты құжаттың арқасында Қазақстан өзінің ішкі-сыртқы саясатын да еркін жүргізе бастады. Дүниежүзімен дипломатиялық қарым-қатынасты жолға қойып, шет мемлекеттермен мықты байланыс орнатты. Соның арқасында, осыған дейін Мәскеуге тәуелді болып келген еліміздің экономикалық потенциалын көтеру мақсатында шетелдік инвесторлармен өзара тиімді келісімге келді. Сөйтіп мұнай-газ саласында алғашқы инвестициялық жобалар жүзеге асып, 90-жылдардың ортасындағы тоқыраудан еліміз еңсесін түсірмей шықты.
Қазақстан республика ретінде өзінің территориялық тұтастығын жариялап қана қоймай, ең бастысы ана тілінің абыройын асқақтатып, мемлекеттік тіл-қазақ тілі екендігін танытты. Еліміздегі тіл жанашырларының ұйтқы болуымен «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, іс-қағаздары мен барлық құжаттар ана тілімізде жүргізіле бастады. Облыс, аудан, қалалар мен елді мекендерге таңылған бұрынғы орысша атаулар қазақтың көне есімдерімен алмастырылды. Соның нәтижесінде Гурьев – Атырау, Ембі – Жылыой аталып, Калинин ауылдық советі Жем ауылдық округі болып өзгертілді.
Тұғырына қонған тіліммен бірге еліміз ділі мен дінінің де дербестігіне қол жеткізіп, халқымыздың қасиетті салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртып, қастерлі ата-бабамыздың рухын қайта тірілтті. Қарттарымызбен бірге имандылыққа бет бұрған жастарымыздың да қатары көбейе бастады.
Декларацияның күшімен дербес елге айналып, бостандықтың көк байрағын тік көтеріп, көкте желбіреткен Қазақстанды бүгінде әлемдегі көптеген шетел мемлекеттері таныды. Ендеше, Тәуелсіздіктің тұғыры алға қарай да биіктей түсіп, Жаңа Қазақстан құру жолында жұдырықтай жұмылған жұртымыздың болашағы жарқын боларына сенім мол!
25 қазан – Республика күні мерекесі баршамызға құтты болсын!
Алтыншаш Адаева,
аудандық соттың бас маманы