Депутаттар ден қойса... тарқатылмайтын түйін жоқ

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысы және мәслихаттың ХХІІІ сессиясы өтті. Күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, онда ауданның күзгі-қысқы кезеңге дайындығы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кездесетін проблемалар мен өзге де өзекті мәселелер көтерілді.

Тасқыннан зардап шеккен мектеп, істен шыққан жылыту жүйесі

Бірінші мәселе бойынша, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Жолдыбаев баяндама жасады. Ол аудан бойынша тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік сала объектілерін 2024-2025 жылдың күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындау барысында арнайы штаб құрылғанын хабарлады.

–Жылу беру маусымына дайындық үшін жергілікті бюджет есебінен 270000,0 мың теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы Құлсары қаласында орналасқан орталық жылу қазандығына техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы алынды. Соған сәйкес, ақауы анықталған бөлшектерді сатып алу, орнату жұмыстары үшін «ЭнергоГазСтройАвтоматика» ЖШС-імен келіссөздер жүргізіліп, келісім шарт жасақталды. Келісім шарт құны 239500,0 мың теңгені құрайды. «Құлсары қаласында орналасқан орталық жылу қазандығын ағымдағы жөндеу жұмыстары» аясында жылу қазандығының қосалқы бөлшектері ауыстырылуда. Қазіргі таңда түтін шығарғыш мұржасы қапталып, кеңейту цистернасы алмасады. Бүгінгі таңда нысанның сорғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде,-деді ол.

Биыл екі білім беру ұйымының жылу қазандықтарын ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Алдын ала зерделеу мақсатында орталық жылыту қазандығына, жылу магистралдарына, әлеуметтік нысандарға барып, жағдайымен танысқан депутаттар баяндама жасаған Ғ.Жолдыбаев пен аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сармановты сұрақтың астына алып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Зерделеу жұмыстарына жетекшілік еткен депутат Бекет Құлбаев былтырғы жылу беру кезеңінде орын алған кемшіліктерді болдырмау үшін әрбір жасалатын жұмыс нақты жоспарланып, қай істе де экономикалық тиімді жағын қарастыру керектігін баса айтты.

-Қаладағы пәтердің барлығы орталық жылу қазандығына қосылмаған. Сонда аудан үшін үлкен орталық қазандықты ұстау тиімді ме, ол өзін ақтай ма? Міне, біз сол жағына бас қатыруымыз қажет. Жылда бір проблемаға ұрына бермей, баламалы жағын қарастыруымыз дұрысырақ болады. Мәселе - осында. Биыл аудан үшін күрделі жыл болды. Енді күзгі-қысқы кезеңді абыроймен өткізуге жұмыстану керек,-деді ол. Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан балабақшалар мен мектептердің жылу жүйесіне қатысты алаңдаушылығын білдірген депутат Сәуле Мәмбетова су астында қалған №8 оқу орнының жылу қазандығына ерекше тоқталды.

-Оқу жылы таяп қалғасын асығыс ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, қазір ғимаратта балалар оқып жатыр. Жылу қазандығы істен шығып тұр. Жаңа қазандыққа орай берген мемлекеттік сатып алу порталындағы конкурс әлі аяқталған жоқ. Мемлекеттік сатып алу порталының процедурасын жақсы білеміз. Оның жақын арада бітетініне, жаңа жылу қазандығының орнатыла қоятынына менің күмәнім бар. Ал білім ордасында 1293 оқушы отырады. Суға кеткен мектепте жылу болмаса, ол міндетті түрде көктейді. Көк бар жерге бала отыруға мүлдем болмайды. Бұл өте өзекті мәселе жедел шешуді қажет етеді. Осыны қалай шешесіздер?-деді ашынған халық қалаулысы.

Аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Таңатарова халық қалаулысына мән-жайды түсіндіруге тырысып бақты. Ол барлық мүмкіншілікті пайдаланатынын, ескі жылу қазандығын қалыпқа келтіру жолында балама әрекет қарастыратынын, қазіргі таңда мердігер мекеме баптау жұмыстарын жасап жатқанын жеткізді. Тұрақты комиссия отырысына шақырылған жауапты мекеме басшылары, сондай-ақ қала, ауылдық округтер әкімдері де күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жөнінде есеп берді.

МӘМС: мәселенің мәнісі мен маңызы

Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске асырылу жайы болды. Бұл тақырып бойынша, алдымен, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары А.Стамғалиева баяндама жасады. Ол облыс көлемінде медициналық тұрғыда сақтандырылмаған тұрғындардың саны көбейіп отырғанын хабарлады. Аймақ бойынша бар болғаны 88 043 адам ғана жүйеге тіркелген. Ол МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған адамдар қатарының өсу себебін мына жағдаймен байланыстырды.

–Тіркелмей жүрген жандар қатарында жеңілдік санатынан шығып кеткен азаматтар, яғни, студенттер, бала күтімінде болғандар, мүгедектігі алынып қалған азаматтар және т.б. бар. Сонымен қатар, салықтық есептілігін 6 ай сайын тапсыратын және әлеуметтік төлемдерді, қызметкерлерінің жарнасын да сол кезде аударатын жеке кәсіпкерлер, маусымдық жұмыс жасайтын адамдардың жұмысы тоқтап, кейін өзіне-өзі жарна төлеуді жалғастырмай қалатындар, сондай-ақ аусымдық әдіспен жұмыс жасаушылардың жарналарды демалған уақытында төлемеуі себеп болып отыр,-дейді ол. Депутаттар да қарап қалмады, бұл саладағы біраз мәселені көтеріп тастады. Әсіресе, тұрғындар МӘМС жарнасын төлеп отырса да, қан тапсыру кезінде кейбір анализдерді өз қалтасынан шығаруына тура келетін жайттың жиі кездесетіні айтылды. Ай сайын қорға дербес төлеуші ретінде 4250 теңге беріп отырған кез келген адамның бір жылда жиналатын қаржысы біраз ақшаны құрайды. Бірақ, халықтың бәрі бірдей дәрігерге қаралып, анализ тапсырып жатпайтыны белгілі. Тіпті, 3-4 жылда бір рет медициналық көмекке жүгінетіндер бар. Әрине, сондай жандардың қаржысы қорға жиналған күйінде, кері қайтарылмай қалады. Осындай жағдайды есепке алып, МӘМС-ке жарна төлеп отырған әр адамға жағдай көбірек жасалуы керек деген ұсыныс айтылды. Депутат Әлібек Амандықов әсіресе, өзге қалалардағы жекеменшік медициналық ұйымдарға қаралғысы келетін адамдар үшін жолдамалар көбірек бөлініп, қан талдамалары тегін алынуы керек деген ұсыныс айтты.

-Бұл орайда кейбір жандар мықты мамандарды іздеп, өзі арнайы баруы мүмкін. Кейбір тұрғын басқа қалада жүріп ауырып қалып жатады. Осындай кезде әрбір адам үшін медициналық көмекке жүгіне қою мәселе тудырмауы керек қой. Жасыратыны жоқ, өзіміз де көріп жүрміз, бұл бүгінгі таңда бар мәселе және шешімін тез арада табуы қажет. Сонымен қатар, халық ауруханадан берілетін тегін дәрі-дәрмектер туралы білмей жатады. Тізімін шығарып, тұрғындарды көбірек ақпараттандырып тұрса, өздеріңіз айтқандай МӘМС жүйесіне тіркелушілердің саны азаймас еді,-деді. Депутат Сәуле Мәмбетова жүкті келіншектердің УЗИ аппаратына түсуі аудандағы көп көтеріліп жүрген мәселенің бірегейі екенін ашық айтты.

-Болашақ аналардың көпшілігі шұбатылған кезекті күтіп отырмай, амалсыздан өз қалтасынан ақша шығарып, жеке клиникаларға түсу үшін барады. Осы жерде МӘМС жүйесі өз қатысушыларына дер кезінде қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмекпен жәрдем көрсетсе, жоғарыда айтқан мәселенің де шешімі табылар еді деп ойлаймын. Жүкті аналардың УЗИ аппаратына 3-4 айда бір түсуіне тегін жолдама берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Менің депутат қана емес, акушер-гинеколог ретінде айтатын ұсынысым осы,-деді ол.

Сессия төрағасы Қанат Мыңбаев А.Стамғалиеваға жұмыссыз жүрген жандардың МӘМС-ке тіркеле алмайтынын, сәйкесінше олардың медициналық көмек те ала алмайтынын, сондықтан маман ретінде осы проблемаға баса назар аударуға шақырды.

Бюджеттің бүйірі бүтін болса...

Күн тәртібіндегі қаралған тағы бір мәселе - аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту шаралары туралы болды. Бұл орайда баяндама жасаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева бөлімнің 7 ай бойы жасаған жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, ауданда мүгедектер саны – 2118, оның ішінде: І топ саны –144, ІІ топтағы – 597, ІІІ топ – 952, бала жастан мүгедектер қатары - 425 адамды құрайды. Шипажайға емделген, протез-ортопедиялық құралдарды алған, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдар, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметін пайдаланған жандар туралы айтып берген Ж.Қазиева «Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының» атқарған жұмысына да тоқталды. Бөлім басшысы, сондай-ақ жүзеге асқан әлеуметтік төлемдер туралы әңгімеледі. Ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанына кедейлік шегі 32 813 теңгені құрады. Баяндамашы соңынан «2021 -2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы бағытында жасалған жұмыстармен бөлісті. Сессияда ауданның бюджет мәселесі де қаралды. Жалпы өңір қазынасын 168 млрд 150,5 млн. теңгеден 174 млрд 415,7 млн теңгеге нақтылау көзделіпті. Яғни, 6 млрд 265,2 млн. теңгеге өсіруді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова мәлім етті.

- Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне барлығы 1 млрд. 646,9 млн теңге, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне 2 млрд. 412,9 млн. теңге қаралған екен. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне 831,1 млн. теңге, аудандық мәслихат аппаратына барлығы 1,7 млн. теңге, аудандық әкімдік аппаратына 600,0 млн. теңге, аудандық кәсіпкерлік бөліміне 158,4 млн. теңге, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне барлығы 7,4 млн. теңге, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне 17,8 млн. теңге, аудандық экономика және қаржы бөліміне барлығы 96,4 млн. теңге, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 421,8 млн. теңге, аудандық бюджет трансферттер есебінен барлығы 2 млрд. 107 млн. теңге, Құлсары қаласына 1 174,0 млн теңге қаралды,-деді бөлім басшысы.

Бұдан басқа кент, ауылдық округтерге бөлінетін қаражат хақында да хабардар етті. Сессияда аудандық бюджетке енгізілген өзгерістер жан-жақты талқыланды. Мәслихат төрағасы Қ.Мыңбаев депутаттарға сессияда айтылған барлық ұсыныстарға сәйкес өз құзыреті шегінде тиісті органдарға депутаттық сауалдар жолдауды тапсырды. П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT