ДЕПУТАТ ДЕН ҚОЙҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

Өткен аптада Парламент Мәжілісінің 8-шақырылымның кезекті сессиясы аяқталды. Халық қалаулылары өз қызметін 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 28 мау- сымы аралығында атқарды. Екі сессияда да қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысы артты. Төменгі палата еліміздегі ең өзекті проблемаларды қамтитын заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Біз осыған орай, Атырау облысының бір мандатты округінен сайланған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың Парламент Мәжілісінің екі сессиясында атқарған жұмысын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ЗАҢЫ ДА ЖАҢАРДЫ

- Қазіргі уақытта Мәжіліс қабырғасында көптеген маңызды заң жобалары депутаттардың бастамасымен әзірленуде. Оларды дайындауға қоғамдағы өзекті мәселелермен қатар, сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, сұраныстары мен ұсыныстары арқау болып отыр. Сессия барысында бірқатар маңызды заң жобалары бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істедік. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен биылғы 28 маусым аралығында Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Екі сессияда Мәжілістің қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды. Қазіргі кезде Мәжілістің қоржынында 71 заң жобасы бар.

Бірінші, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесі заңмен шешілді. Екінші, елдегі қордаланған жылумен, электрмен жабдықтау саласындағы проблемаларды Парламент қабылдаған жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағдайды біршама жақсарта түспек. Үшінші, Мәжіліс әзірлеген Мемлекеттік сатып алу туралы заң мемлекеттік сатыпалым жүйесіндегі кемшіліктерді жойып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Төртінші, букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптар қатайтылып, онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салатын «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданды. Бесінші, медицина қызметкерлерін қолдауға және жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған заң қабылданып, әлеуметтік кепілдіктер күшейтілді. Алтыншы, алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» дербес заң қабылданды. Жетінші, Парламент депутаттары «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін заңнамалық база қалыптастырды. Сегізінші, Мәжілістің VIII сайланым депутаттары жер және жер қойнауы, барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі туралы конституциялық норманы нақты іске асырды. Енді жаңа ірі мұнай- газ кен орындарының 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі болмақ. Тоғызыншы, депутаттар бастама көтеріп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға түзетулер енгізіліп, осы саладағы заңнаманы едәуір қатайтты. Оныншы, халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесін түбегейлі шешу үшін Мәжіліс кредит беру кезінде қауіп-қатерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заң қабылдады,-деді Әділ Орынбасарұлы.

Депутат жетекшілік еткен бір заң жобасына, жұмысшы тобының қатарында әзірлеген 3 заң жобасына Президент қол қойған. Жұмысшы тобымен бірге әзірлеген 6 заң жобасын Сенат мақұлдап, Президентке қол қоюға жіберді. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде қараған 21 заң жобасының 11-іне Президент қол қойып, 1-еуі Парламент Сенатына жолданса, 3-еуі Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға жіберілді. Қазіргі уақытта 6 заң жобасы Комитеттің қарауында жатыр екен.

Әділ Жұбанов Мәжіліс депутаты ретінде 2 сессияда «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына жетекшілік еткенін айтады. Қазақстан Республикасының Президенті заңға 2024 жылғы 25 наурызда қол қойды. Заң жобасын әзірлеудегі мақсат: Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамасын жетілдіру, трансферттік баға белгілеу мен капиталды елден шығаруды бақылау шараларын күшейту, халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операциялармен байланысты мәмілелерде мемлекеттік кірістің жоғалуын болдырмау еді.

Жоғарыда атап өткендей, Мәжіліс депутаты екі сессияда заңдардың жұмысшы тобының қатарында әзірленуіне атсалысты. Оларға Президент қол қойды. Аталған заң жобалары, негізінен, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» болды.

Сонымен бірге, Әділ Орынбасарұлының қатысуымен екі сессияда жұмысшы топтың қатарында әзірленіп, Парламент Сенаты мақұлдап, Президентке қол қоюға жіберілген заң жобалары да бар. Олар: «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және заңнамалық актілерді нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизи- ялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар.

- Әрине, екі сессияда барлық мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Алға қарай да, жұмысшы топтар құрамында әзірленетін заң жобалары жетерлік. Бұл жұмыстар алдағы қыркүйек айындағы 3-сессияда жалғасатын болады. Атап айтқанда, «Су кодексі», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Акваөсіру туралы» Заң жобасы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне акваөсіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралады. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заңдар жобасы әзірленеді,-дейді Әділ Орынбасарұлы.

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТЫҢ БЕРЕКЕСІ БАР

Депутаттың айтуынша, Мәжілістің жаңа конституциялық нормасының арқасында республикалық бюджеттің атқарылуы сапасына бақылау айтарлықтай күшейген. Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебі жылына екі рет тыңдалады. Осы жолы үш парламенттік тыңдалым өтіп, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Олар халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту, қаржылық сауатын арттыру; азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру; экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне қатысты болды. Сонымен қатар, 10 Үкімет сағаты өткізіліп, министрліктер мен ведомстволар басшылары бағдарламалық құжаттардың іске асырылуы туралы есеп беріпті. Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын іске асыру үшін 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады.

Соңғы уақытта Мәжілістегі партиялық фракциялар мен бір мандатты депутаттардың белсенділігі артты, Парламенттегі пікірталас деңгейінің көтерілгені – «Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының сәтті жүзеге асырылып отырғанының көрінісі,-дейді халық қалаулысы.

Ә.Жұбанов Мәжіліс депутаты ретінде екі сессияда Мәжілістің 39 жалпы отырысына, 3 парламенттік тыңдалым, 10 Үкімет сағаты, Қаржы және бюджет комитетінің 51 отырысына қатысты. Онда заң жобаларына 159 түзету енгізіліп, оның ішінде 54 түзету жұмыс топтарында мақұлданып, қабылданса, 37 түзету қаралу үстінде. Есепті кезеңде 7 жариялы депутаттық сауал жолдап, 14 депутаттық сауалға соавтор болған. Нақтырақ айтқанда, олар: «Атырау облысының қазіргі экологиялық жағдайы», «Салық саясатын жетілдіру», «Атырау облысы бюджетіне қатысты», «Зейнетақы мөлшері бойынша», «Салық жеңілдіктерінің тиімді жүйелі тәсілдерін енгізу және мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін құру туралы», «Норд Каспиан Оперейтинг компани экологиялық нормаларын орындау қажеттілігі туралы», «Су тасқыны кезінде зардап шеккендерді қаржыландыру» жөнінде болды. Соавтор ретінде «Кеден бөлімшелеріне құқық қорғау мәртебесін беру», «Геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту көздері мен қаржы бөлу жұмыстары», «Су тасқынына қатысты», «Жаңа тұрғын үй бағдарламасын енгізу», «Білім саласында миллиардтаған теңгені құрайтын қаржы жымқырудың көптеген фактілері туралы», «Су және суды үнемдеу проблемасын шешу шаралары туралы», «Тау-кен металлургия кешенінен шығатын қалдықтардың техникалық үлестік нормативтерін төмендету туралы», «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты», «Балық шаруашылығы саласын дамыту және жұмысшылардың еңбекақысын арттыру туралы», «Дивидендтік саясаттағы жүйелілік кемшіліктерді қайта реттеу» туралы сауал жолдады.

-Мәжіліс депутаты ретінде екі сессия жұмысында Үкіметпен бірлесе отырып Атырау аумағында шешімін таппай тұрған әрі республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін мәселелер бойынша бірнеше талқылау өткізіп, бұл бағыттағы бірқатар проблемалар оң шешімін тапты. Ашып айтсам, Премьер-Министрдің, Премьер-Министрдің орынбасарының, 8 салалық министрдің қабылдауында болып, тығыз жұмыс жасалды. Облыс үшін маңызды 10 жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Салалық министрліктерге 60-тан аса депутаттық хат, 12 ұсыныс хат жолданды,-дейді Ә.Жұбанов.

Ол сонымен қатар, халықпен де кеңесіп отырады. Депутат ретінде Мәжіліс қабырғасында және өңірлерге іс сапары барысында тұрғындармен өткізген жеке қабылдауында бұқараның мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін мұқият тыңдайды. Осыған дейін осындай 37 азамат қабылдауында болып, олардан келіп түскен арыз, өтініштер бойынша нақты жұмыстар жасалып жатыр. Бас прокуратураға, Жоғары сотқа және басқа да мемлекеттік органдарға хаттар жолданса, кейбір арыз-шағымдар демеушілік негізде қанағаттандырылған. Ондағы көтерілген мәселелер, негізінен, тұрғын үй құрылысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру, ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандар салу, қалаішілік және ауылішілік автокөлік жолдарын салу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіздігі, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жұмыстарына шағым, сот шешімдеріне наразылық болып келеді.

Жалпы халық қалаулысы бұқаралық ақпарат құралдары алдында, әлеуметтік желі арқылы сайлаушылары алдында да ашық. Әділ Жұбановтың Мәжілістегі қызметі аясында атқарылған жұмыстары, депутаттық сауалдары мен сұхбаттары түрлі телеарналар мен мерзімді басылымдарда басылып, желілерде талқыға түсіп жатады. Сондықтан да ол өз сайлаушылары арасында кеңінен танымал. Әділ Орынбасарұлы шілде, тамыз айларында Атырау облысына іс сапармен келіп, халықпен кеңірек кездесуді жоспарлап отыр. Онда Мәжілістің алдағы 3-сессиясында қаралатын заңдармен халықты таныстырып, талқылау жүргізілетін болады. Егер, Сіздердің елдегі заңнаманы жетілдіру, Парламент, Үкімет жұмысына қатысты ұсыныстарыңыз, өңірдегі өзекті мәселелерге қатысты арыздарыңыз болса, онда Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript. электрондық почтасына жолдауға болатынын хабарлады.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT