Депутат ауызсу мәселесін көтерді

Аудандық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында 2017 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы, Атырау облысы тексеру комиссиясының 2017 жылға арналған Жылыой аудандық бюджетінің атқарылуы туралы есебі жайлы және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Алдыңғы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысы Жанар Дүсіпова, екінші мәселе бойынша Атырау облысы тексеру комиссиясының мүшесі Батырбек Каманов баяндама жасап, аудандық бюджеттің игерілуіне оң бағасын берді. Сессияда сөз алған депутат Талғат Майлыбаев аудандағы күрмеуі қиын мәселе - ауызсу тапшылығын көтерді. Оның айтуынша, алдағы уақытта су мәселесі бұдан күрделене түсуі мүмкін. Өйткені аудан халқының саны күннен-күнге өсуде. Мұның үстіне Теңізде Үшінші буын зауыты құрылысын қосыңыз. Ал онда қазірдің өзінде су жетіспеушілігі бар көрінеді. Міне, суға деген ауданның сұранысы зорайып тұр. «Сондықтан бұл мәселені жоғары жаққа көтеруіміз керек. Жерасты суларын пайдалану жобаларын қолға алу қажет пе, әлде «Казтрансойл» мекемесі қосымша реконструкция жасауы қажет пе?

Мұның бәрі – облыс, республика деңгейінде шешілетін мәселелер», - деді депутат. Депутат сауалына орай жауап берген аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы ауызсу мәселесі туралы облыс әкімі хабардар екенін, бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Дегенмен ол Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» су кенінен су тарту немесе жерілікті «Бали», «Жаңа су» жерасты суларын пайдалану үшін жобалар қолға алынғанын, алайда бұл жұмыстар белгілі бір қиындықтарға орай тоқтап тұрғанын да айтты.Аудан әкімі, сонымен қатар, ауданда атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Соның ішінде жер кезегіндегі тұрғындар 2019 жылдың І тоқсанынан бастап тұрғын үй салуға кірісе алатындарын және инженерлік коммуникациялар жүргізіліп барып, жер берілетіні туралы жақсы жаңалықты жеткізді.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521