Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандартын белгілейтін Әдеп кодексі қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін нығайтуға және олардың әдепсіз мінез-құлқының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидатына келер болсақ, адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық - басты ұстанымы. Сыпайылық және мәдениеттілік, азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау болып табылады.
Бүгінгі таңда кей жағдайда кейбір мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің күнделікті қызметінде мемлекеттік қызметшілердің негізгі талаптарын орындамай, азаматтарды қабылдау барысында олқылықтар көрініс тауып, халықтың наразылығына алып келіп жатады. Адам өзіне мемлекеттік қызметті таңдап, мемлекетке қызмет етуге келгеннен кейін талап қоя білетін, әртүрлі ситуацияларда дер кезінде шешім қабылдай алатын қасиеттерге ие болуы керек. Ең бірінші мемлекеттің игілігіне жұмыс жасау керек. Халықтың өзіне деген сенімін жоғалтпауы қажет.
Шындығында да, мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, халықпен жұмыс жасауда әдептілікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да Президентіміз осындай кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың жаңа бағыттарын айқындап, мемлекеттік қызметшілер алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Мемлекеттік қызмет – ең алдымен, елдің сенімін ақтау, Отанына адал қызмет етіп, ел тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосу деген сөз.
«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді дана халқымыз. Сондықтан да, қай істе болмасын алдыңғы қатардан табылу, өзiнiң iс-әрекетiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайту мемлекеттік қызметшінің басты парызы болуы керек деп білеміз. Әдептілік – сыпайы мәдениеттіліктің белгісі. Әрбір адамның бойындағы адами қасиеттері оның жүріс-тұрысынан, бойындағы кішіпейілділік қасиетінен, сөз сөйлеу мәнерінен, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауынан байқалады. Әрбір мемлекеттік қызметші тікелей халықпен жұмыс жасайды. Сондықтан, өзімшілдікке салынбай, әдептілікті аттап өтпей әдеп нормаларын сақтап, қарапайым болуды ұстанса деген тілегім бар.
Алмат Теміржанов,
аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл