Жыл сайын ақпан айының бірінші аптасында бүкіл әлемде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. Бұл атаулы күн 2005 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен сайлауды ұйымдастырушылардың халықаралық конференциясында бекітіліп, кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауына ие болды. Содан бері бұл күн демократиялық сайлау институттарын дамытуға, азаматтардың сайлау мәдениетін арттыруға және сайлау құқығының маңызын насихаттауға арналған халықаралық мерекеге айналды.
Осы атаулы күнге орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудандық мәслихат депутаттары мен ерікті жастардың қатысуымен мазмұнды әрі тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары Сымбат Едігеқызы мен Әлібек Аманжанұлы арнайы шақырылып, жастармен ашық форматта пікір алмасты. Кездесудің басты мақсаты жас сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың тек сайлаушы ретінде ғана емес, сайлану құқығына да ие екендігін кеңінен насихаттау болды. Атап айтқанда, Конституциялық заңның 4-бабында көзделген бәсең сайлау құқығының маңызына ерекше тоқталып, жастарға бұл бағытта жан-жақты ақпарат берілді. Шара барысында депутаттар сайлану құқығы, депутаттық қызметтің жауапкершілігі мен міндеттері туралы кеңінен айтып өтті.
Ашық пікірталас форматында өткен жиында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Дүниежүзілік сайлау күні сайлау комиссиялары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі, сондай-ақ әрбір азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын еске салатын маңызды күн. Бұл күн азаматтардың ел басқару ісіне қатысуының, өз таңдауын саналы түрде жасау арқылы мемлекет болашағына ықпал етудің айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан Республикасында соңғы жылдары сайлау жүйесін жетілдіру, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар реформалар жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістер халықтың сайлау институттарына деген сенімін арттырып, азаматтық белсенділіктің өсуіне ықпал етуде. Дүниежүзілік сайлау күні аясында өткізілетін осындай кездесулер жастардың саяси мәдениетін қалыптастырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады. Осы орайда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараның маңызы зор. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың құқықтық санасын арттырып, ел болашағына бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді.
Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық құндылықтарды ұлықтайтын, әділ әрі ашық сайлаудың маңызын дәріптейтін маңызды мереке. Барша сайлау комиссияларының мүшелерін, депутаттарды және белсенді азаматтарды осы кәсіби әрі қоғамдық мәні зор мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Әрбір дауыс ел тағдыры үшін маңызды екенін ұмытпай, баршамыздың ортақ мақсатымыз әділ сайлау, тұрақты қоғам және жарқын болашақ жолында бірлесе еңбек етуге тілектеспіз!
А.Ерденқызы



