Дау болған ортақ мүлік медиациялық келісіммен реттелді

Қазіргі сот өндірісінде қаралып жататын істердің бірі – ортақ мүлікті бөлу болып табылады. Ол әсіресе некеден заңды түрде ажырасқан бұрынғы ерлі –зайыптылар арасында көбірек ұшырасады. Таяуда аудандық соттың өндірісінде қаралған іс – дәл соның айғағы.

Аудандық соттың баспасөз қызметінің хбарлауынша, таяуда Л. есімді әйел адам аудандық сот төрелігіне жүгінген.Ол талап қоюшы ретінде бұрынғы күйеуі, яғни жауапкер К-мен арадағы ортақ мүлікті бөлу туралы талап арыз жолдаған. Соған сәйкес азаматтық іс қаралып, нақты шешім қабылданды.

Талап қоюшы өзінің арызында бұрынғы жолдасымен араларындағы көп жылғы ерлі-зайыптылық өмірінің бұзылғанын, заңды некеде болған кезде жауапкердің атағында үй тіркелгенін көрсеткен. Талап арыздағы хабарламаға қарағанда, ортақ неке кезінде иеленген баспананың және ондағы заттардың жалпы құны 20 млн. 975 мың 632 теңгені құраған екен. Бұрынғы әйелі талапкер ретінде ерлі-зайыпты болған кездегі ортақ мүлікті бөліп, тең дәрежеде өз үлесін анықтап беруді сұрады.

Әрине, сот тарапынан екі жаққа ортақ дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл ретте оларға әрқайсысының құқықтары мен оның салдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Соттың бұл еңбегі зая кеткен жоқ.
Сот отырысында бұрынғы ерлі-зайыптылар ақылға келіп,екі жаққа да тиімді медиациялық келісімге келді. Онысын сотқа ұсынып, өзара жасасқан медиациялық келісімін бекітіп беруді және іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

Аталған медиациялық келісімінің шарттары бойынша, жауапкер, яғни бұрынғы күйеуі талап қоюшы әйелге 9 млн. 208 мың 316 теңгені үстіміздегі жылдың 25 сәуіріне дейін өндіріп беруге міндеттеме алды. Есесіне, талапкер жақ қойып отырған талабынан бас тартатын болды.

Әрине, ақылға келсе, бітпейтін дау жоқ. Сондықтан сот ұйғарым шығарып, аталған азаматтық іс бойынша екі жақтың арасында жасақталған медиациялық келісімі бекітілді. Соған сәйкес азаматтық іс жүргізу тоқтатылып, төленген мемлекеттік баж алымы талап арыз берген әйелге кері қайтарылды.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521