АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына алғаш рет «Креативті қызмет» номинациясы қосылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтемемен.
Зерендіде министрліктің ұйымдастыруымен өткен «Әділетті Қазақстан - адал азамат» жастар академиясында сөз сөйлеген министр:
«Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары елімізде креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Талантты жастарымыз әртүрлі салада жарқырап көрініп, жемісті еңбек етуде.
Мемлекет басшысы да креативті индустрия саласына жіті көңіл бөлу керек екенін атап өткен еді.
Сондықтан биыл Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына алғаш рет «Креативті қызмет» номинациясы қосылып отыр.
Бүгінгі кездесу нәтижелі боларына сенімдіміз және оны жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз» - деді.
Айта кету керек, Қазақстанның барлық өңірінен келген 100-ден астам жас үш күн ішінде түрлі тренингтерге қатысып, өзара тәжірибе алмасты.