Дарханның дәмді бәліштері

Дарханның дәмді бәліштері
Фото: Ш.Хамитова

Тәтті кекс, бал қосылған бәліш, лимон қосылған және айранмен дайындалған ерекше тоқаш, сондай-ақ, екі түрлі кептірілген нан... Соңғы уақытта қаладағы азық-түлік дүкендері сөрелерінен түспей жүрген бұл дәмділер жылыойлықтардың қолынан дайындалып жатқан тағамдар болып шықты. Өнімдер ауданымыздағы кәсіпкер Дархан Қойлыбаевтың «Kulsary Foods» атты кондитерлік цехында пісірілуде.

Кәсіп иесі Дархан Қойлыбаев дәл осы ұн тағамдарын өндіретін цехты ашып, 30 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың бәрі де – жергілікті тұрғындар. Цех жұмысшыларының ішінде көпбалалы, жалғызбасты аналар да бар. Жерлестерімізді өз ішкі өнімдерімізбен қамтып қана қоймай, жұмыссыздарды жұмысқа тарту Дарханның үлкен арманы еді. Ол осы аталған цех жұмысын жандандыру үшін Ташкентен тәжірибе жинақтап келді. Еңбекқор өзбек ағайынның табандылығы мен шағын ғана кәсіпті айналдыратын қабілеті Дарханның бүгінгі бизнесін бастауына түрткі болғанға ұқсайды.

- Мен жалпы кәсіптің көп саласында қызметте болдым. Екіншіден, үлкен кәсіпкерлермен үнемі тілдесіп, әңгімелерін тыңдайтынмын. «Қандай нәрсемен айналысуға болады, қандай кәсіп түріне сұраныс өте жақсы?» деген сұрақтар үнемі ойымда жүретін. 2022 жылдың 10 тамызында Өзбекстан астанасы Ташкентте болдым. Бұрын бұл жақта шағын фабрикалар көп деп еститінмін. Сондықтан қызғушылығым сол мемлекетке түсті. Бардым, 10 күндей болдым. Кәсіпке қатысты бірнеше нысандарды аралап, көзбен көрдім. Бірнеше өзбек кәсіпкерлермен, жақсы мамандармен таныстым. Елге келгеннен соң Ақтөбе қаласында болып, өндіріске қатысты кісілермен бұл шаруаны талқылай бастадым. Міне, 2022 жылы тамыз айында жоспарлаған кәсіпті қыркүйек, қазан айларында қолға ала бастадым. Содан 7-8 ай жүріп, 2023 жылдың шілде айында кәсібімізді аштық,-деді кәсіп иесі Дархан Қойлыбаев. Кәсіпкер құрылғыларды Иран елінен әкелген. Ал өнімдерді дайындауға арналған шикізаттарды жергілікті кәсіпкерлерден алады екен. Дархан Қойлыбаев алдағы уақытта өнімдер топтамасының ауқымын да, данасын да көбейтеміз деген мақсат қойып отыр.

Айта кетейік, өнімдер жергілікті сауда орындарынан өзге, Теңіз кенішіндегі және көршілес Бейнеу, Мақат ауданындағы 300-ден астам азық-түлік дүкенінде сатылуда. Қазіргі таңда мұнда күніне 500 дана, айына 15000 дана өнім шығарылады.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521