«Даналықтың сарқылмайтын бұлағы сіздер ғана»

Қашанда қариясын құрметтеуді азаматтық парызы санаған жылыойлық азаматтар қазан айында үлкендерге құрмет көрсетумен болды.

Бірнеше күннен бері ауданда түрлі дастархан жайылып, сый-сияпат көрсетілуде. Ал осынау қайырымдылық айын қорытындылаған аудан әкімі Азамат Бекет қаладағы «Қымбатжан» мейрамханасында үлкен шара ұйымдастырды.

Ауданымызға еңбегі сіңген әр саланың зейнеткерлері мен ардагерлер, тыл еңбеккерлері, көпбалалы аналар сейсенбі күні аталған мейрамханада бас қосты. Асаба Алпамыс Қалдыбаев шараның тізгінін алып, «Сіздер – өн бойында ақылы мен парасаты тұнған асыл қазынамызсыздар. Қарттық – кәрілік емес. Өмірден көргені көп, түйгені мол жансыздар» дей келе, алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Азамат Бекетке берді.

- Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз үлкен, еңбектеріңіз орасан зор. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, сіздер – біздің қазынамыз болумен қатар, бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар. Біздің ардагерлерге, қарттарға деген құрметіміз тек 1 қазанда ғана емес, барлық уақытта да көрсетіле беретін болады,-деді аудан басшысы. Бұдан соң ауданның білім, медицина, мұнай, мәдениет, ауылшаруашылық т.б. салаларында ұзақ жыл еңбек еткен жандарды «Киелі мекен – Кең Жылыойға 90 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кезінде қаршадайынан еңбекке араласып, майданға қызмет еткен тыл еңбеккерлерін ұлығылады.

Жиналғандар аудан өнерпаздары Гүлмира Қаналиева, Жайна Нұрханова, Назгүл Дүсіпова, Нұргүл Жұмағалиевалардың тамылжыған әндерін тыңдап, «Жем аруы» халықтық би ансамблінің биін тамашалады. «Қымбатжан» мейрамханасының атынан барлығына сыйлықтар үлестірілді. Ақсақалдар сөз алып, қарттарын қадірлеген аудан әкімі Азамат Бауыржанұлына ризашылықтарын білдіріп жатты.

П.ҚИЗАТОВА.

Суреттерді түсірген: Ә.Дәрменова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521