Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте билік басшыларына әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуды тапсырған еді.
Сондай-ақ ол “Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады” деді өз сөзінде. Соған сәйкес еліміздің әр аймақ басшылары жиі жиын өткізіп, өз облыс, қала, аудан, округ, кентінің жай-жапсарына үңіліп, өркендеу негізінде өткір де өзекті тақырыптардың басын қайырады. Бұл ретте аудан басшысы Жұмабек Қаражанов та өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты үш өзекті мәселе төңірегінде аппараттық мәжіліс өткізді.
Жуырда өткен келелі кеңесте аудан әкімі үш өзекті мәселе қарады. Алғашқысы, өңірдің сайлауалды бағдарламасының 2025 жылғы 1 шілдедегі орындалу барысы болса, екіншісі, аудандық білім беру ұйымдарының алдағы оқу жылына дайындығы. Одан бөлек аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің 2025-2026 жылдарға мал қыстату науқанына дайындығы сөз болды.
Иә, 2023–2027 жылдарға арналған ауданның сайлауалды бағдарламасы жылыойлықтармен жасалған келісім, сенім мен серпіннің басты кепілі десек, артық айтқандық болмас. Мәжілісте осы бағдарлама аясында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған іс-шаралар сараланып, жеткен жетістіктер мен орын алған олқылықтар ашық айтылды. Бұған жауапты мамандар тек есеп берумен шектелмей, нақты жоспарларымен бөлісті. Өйткені, бағдарламаның әр жолы – халықтың үміті, әр нүктесі – ертеңгі күннің межесі. Бұл жердегі мақсат - көзбояушылық емес, көзге көрінетін, халыққа пайдалы тірлік жасау керектігін түсіну. Ал білім бөлімінің биылғы оқу жылына дайындығы барысында ауданымыздағы мектептердің техникалық жағдайы, қауіпсіздік талаптары, оқулықпен қамтамасыз етілуі назардан тыс қалмады. Қыркүйектің де төбесі көрінді. Ал кейбір мектептерде әлі де құрылыс жүріп жатқандығы аян. Атап айтсақ, 2024 жылы тасқын судан зардап шеккен №5 пен №19 мектептер қайта жөндеу жұмыстарынан өтуде. Ал жаңадан бой көтеріп жатқан №20 мектеп құрылысы алдағы желтоқсанда аяқталуы керек. Бұл туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова:
- Білім ордасының құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталды. Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырысымен 180 орынға шақталған мектептің құрылысын қолға алған мердігер мекеме “Сұңқар Құрылыс LTD” ЖШС құрылысты биыл желтоқсан айында аяқтауды көздеп отыр. Қазір бұл жерде қызу жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі №20 мектеп директорының сөзіне сүйенсек, білім ордасында 309 оқушы білім алып, 38 мұғалім қызмет атқарады екен. Олар жаңа мектептің құрылысының аяқталуын асыға күтіп, нысан ашылған бойда бірден көшеміз деп отыр,-дейді өз сөзінде.
Әрине, мектептен күтер үміт көп. Өйткені, Жылыой даласын дүбірге бөлейтін болашақ инженер де, мұнайшы да, дәрігер де – сол партаға отырады жақында. Сол үшін бұл бағытқа салғырт қарауға болмайтынын еске салды аудан әкімі. Аудан халқы үшін ауыл шаруашылығы – тұрмыстың тірегі, тіршіліктің өзегі. Осы ретте мал қыстату науқанының барысы туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Жәнібек Сабыров кеңінен баяндама жасады. Өз сөзінде ол:
-2025–2026 жылдың қыс маусымына аудан бойынша 19934 бас мүйізді ірі қара, 93285 бас қой-ешкі, 20998 бас жылқы, 11478 бас түйе қыстаққа түседі деп күтілуде. Бұл төзімділікті, дайындықты талап ететін сан. Әсіресе шалғайдағы 165 қыстақ орны – оның ішінде 152 шаруа қожалықтары мен 13 «Жаңа Таң» ЖШС – негізгі ауырлықты арқаламақ. Мал азығы – мәселенің өзегі. Аудан қыстаққа 57 300 тонна шөп дайындауды жоспарласа, бүгінге дейін оның 18 424 тоннасы, яғни 30%-ы ғана дайын. Қалғанын дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл жұмыс күзге дейін толығымен аяқталады деген сенім бар. Алайда, өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың көктемінде табиғат тосын мінез танытып, кейбір шабындықтар су астында қалды. Соған байланысты қазіргі таңда бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдары мал азығын дайындау жұмыстарына кірісе алмай отыр. Бұл ретте сабақты мал азығын көршілес Ақтөбе облысының Байғанин ауданы және Қызылқоға ауданының бос жерлерінен өзара келісім арқылы жүзеге асыру көзделуде,-дейді дайындық жұмыстарын саралап.
Ал ауданға 2 200 тонна құрама жем жеткізу де күн тәртібінен түскен емес. Арпа, кебек, бидай сияқты азық түрлері аудан орталығындағы базар маңында ашылған арнайы орындар арқылы үздіксіз сатылып келеді. Бұл нарықпен қатар, халық сұранысына да жауап бере алатын тиімді қадам екені сөзсіз. Жиын соңында аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы әр сала бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын баса айтты. Ал жиын ауданның жүйелі дамуға бет бұрғанының айғағы. Даму дегеніміз – құрғақ статистика емес, әр отбасының күнделікті өміріндегі оң өзгеріс, әр баланың мектепке қуанып барғаны, әр шаруаның қыстан қысылмай шығуы емес пе?!
Д.ДЕРБІС