2028 жылы Қазақстанның электрондық картасы жасалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұсауы кесілген бұл жобаны толыққанды іске асыру үшін, ең алдымен, еліміздегі жер-су атауларын нақтылау қажет.
Өкінішке орай бізде әлі күнге орысша айтылып та, жазылып жүрген ел мен жер аттары кездеседі. Әрине, ондай елді мекен, қоныстардың жергілікті халық қойған өз тарихи есімі бар екені анық. Міне, сол қазақы атауларды қайтарып, өткен ғасырдағы орыстандырудан қалған олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауданға республикалық ономастикалық комиссиясының мүшелері, «Ономастар Одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, профессор Гүлнәр Бекенова мен География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері Мәулен Тоғыс келді.
Астанадан ат арытып жеткен қонақтарды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Үміт Кенжина, өлкентанушылар Нұрдәулет Ақназаров пен Ерқұл Дәулетбаевтар қарсы алды.
-Бұл жоба жүзеге аса бастағалы біз былтыр еліміздің шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерін араладық. Биылғы сапарымыз батыс аймақта жалғасын тауып отыр. Мақсат: байтақ даламыздың электрондық картасын жасап шығу, онда жер-су, елді мекен, тіпті, кішкентай төбешікке дейін өзінің жергілікті халық қойған төл есімін иеленіп, қазақша жазылып тұруы керек. Мәселен, Атырау облысында 5 мың атау болса, оның 15 пайызы орысша жазылған. Біз ондай мекендерді аралап, жергілікті жұртшылықпен кездесіп, сондағы тұрғындардың ақпаратына сүйеніп байырғы атауын қайтаруымыз керек. Бұл бір жағынан үлкен саяси мәселе. Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы ономастика жайын да жиі көтеріп келеді. Сондықтан бұл Президент әкімшілігінің бақылауында. Біз батыстағы сапарымызды Маңғыстау облысынан бастап, сол аймақтың барлық өңірін аралап шықтық,-деді Гүлнәр Шияпқызы.
Республикалық ономастика комиссиясының мүшелері өлкетанушы ардагер азаматтармен Құлсары қаласындағы «Атамұра» тарихи-өлкетану мұражайында кездесіп, сұхбаттасты. Онда Гүлнәр Шияпқызы мен Мәулен Мырзағалиұлының қойған сауалдарына орай бұрынғы картада орысша-қазақша жазылып жүрген Жылыой өңіріндегі 40-қа тарта жер-су, елді мекендердің байырғы атауларын нақтылады. Айталық, ономастардың мәліметінше, Мақат ауданына қарасты поселкеден бөлек біздің өлкеде де «Доссор» аталатын екі жер бар болып шықты. Оның бірі -құрғақ арна болса, бірі төбешік. Сонымен бірге, «Буровая», «Ровный», «Тигровый» аталып кеткен төбешіктер пен «Колено соры» секілді Кеңес өкіметі кезінде орысша жазылып қойғанжерлер де кездеседі. Мұның барлығының ежелгі есімін Мәулен Тоғыстың ұсынған картасына қарап отырып, Нұрдәулет Ақназаров пен Ерқұл Дәулетбаевтар көнекөздің дерегіне сүйене отырып, еске түскенше тауып, айтып берді. Сөйтсек, ертеде «Буровая» - Азынағұл, «Ровный» - Мадияр, «Тигровый» - Түлкілі Аймамбет, ал «Колено» - Көрпеш аталыпты.
Бұдан басқа, Майкөмген, Прорва, Қаратон, Жаршық, Қаратон, Жем, Жылой, Қызыл Қорған, Аралтөбе секілді өзге де жер-су және елді мекен атауларының шығу тарихы да біраз талқыға түсіп, пікірталас туғызды.
Е.ҚОШАҚАНОВ