Дүкендерде санитарлық талап сақталмайды
Өткен аптаның сәрсенбісінде «Атырау Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері ауданға іс-сапармен келді. Олар, ең алдымен, аудан әкімінің қабылдауында болды. Кейін азаматтармен қоғамдық қабылдау өткізді. Онда, негізінен, 3 мәселе қозғалып, оның орындалуын әкімнің өзі қадағалайтынын айтты. Олар: грант, жұмыспен қамту орталығының жұмыс кестесінің бағыты және 12 дәріханадағы баға мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайы.
Қоғамдық қабылдауға келген адамдардың арызы мен ұсыныстары бойынша «Атырау Адалдық алаңының» қызметкерлері аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысының соңғы 3 жылына мониторинг жасап үлгерді.
«Адалдық алаңының» мамандары Ания Ақанқызы мен Мадина Сабыржанқызы сол күні қаладағы 12 дәріхананы аралап, мониторинг жүргізді. Жеткіліксіз дәрілерді бақылап, бағадағы тұрақтылықты қадағалады. Мониторинг кезінде халыққа бірінші кезекте керекті қызу түсіретін дәрілер мен антибиотиктер, соның ішінде парацетомол, аспириндер жоқ екені анықталды.
Аспирин таблеткасы 2 дәріханадан, парацетомол 4 дәріханадан ғана кездесті. Алайда, бағалары көрсетілген шектік мөлшерден жоғары болып шықты.
Айталық, парацетомолдың бекітілген шектік бағасы 42 теңгені құрауы тиіс-ті. Бірақ, біздің дәріханаларда ол 100 теңгеден сатылып жатқаны белгілі болды. Басқа дәрілердің бағасы тұрақталған. Бірақ, айта кететін жайт мұнда дәрі-дәрмекті сатып алған тұтынушыға арнайы түбіртек берілмейді екен. Тек қорытынды түбіртек шығарылады.
Осы мәселелерге байланысты «Атырау Адалдық алаңы» әкімдікке ұсыныс жасады.
Олар Жаңа Қаратон поселкесінде де қоғамдық қабылдау өткізді. Онда 3 тұрғынның өтініші қаралды. Алғашқысы: №23 орта білім беретін мектеп жанынан кіші аяқдоп пен ойын алаңын ашу мәселесі. Оны кент әкімі Сансызбай Баймұратов биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін шешуге уәде етті.
Екіншісі, поселкенің кей көшелеріндегі жарықтың болмауы. Бұл мәселе 2021 жылы қолға алынатындығы белгілі болды. Ал қоғамдық қабылдауға келген Нұрбол Сәрсенбаев «Ақ Отау» көшесіндегі жол мәселесін көтерді. Бұл сауалға қоғамдық қабылдауға қатысқан аудан әкімінің өзі жауап берді. -33, 4 шақырымдық жол жобасы жасалып тұр, мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Соның ішінде осы көшенің де жолы қаралған. Сараптама 3 жылға жарамды, биылдан бастап осы мәселені қолға аламыз, - деді Халел Жамалұлы.
Мониторингтік жұмыстар келесі күні де жалғасын тапты. Онда «Атырау Адалдық алаңының» қызметкерлері жергілікті әкімдікпен, санитарлық дәрігер мамандармен бірлесіп, базар маңындағы азық-түлік, көтерме сату және бөлшектеп сату дүкендеріне бақылау жүргізді. Ондағы карантиндік талаптардың орындалуын, ережеге сәйкес жұмыс істеуін қадағалап шықты.
Өкінішке орай, көтерме сату дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тағамдарының (ұн, макарон, күріш т.б) бағалары жазылмаған болып шықты. Және дүкен алдындағы тұтынушылар арақашықтықты сақтамай тұрғаны байқалды.
Базар іші тазалық талаптарына сай емес. Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері бұған жауапты адамдардың үстінен заңға сәйкес хаттама толтырды. Мониторингтік топ қаланың 6-учаске, 5, 3-мөлтек аудандарын да аралап шықты.
Қаланың тазалығына, көшелерді арам шөптерден тазарту жұмысына мән берді. Рейд кезінде қаланың санитарлық тазалығына 2 мекеме жауапты екені белгілі болды. Олар: «Промэкология» мен «Жылыой-тазалық» ЖШС-лары.
Құлсарының ішін арам шөптерден тазалау, ақтау секілді басқа да жұмыстарын атқаруға тиісті «Промэкология» өкілі адам күшінің жетіспей жатқанын жасырмады.
Ал «Жылыой-тазалық» қоқыс жәшіктерінің уақытылы алынуына жауап береді. Бірақ бір қаланың тазалық жұмыстарын екі мекеме атқарса да, мәселенің толық шешімін таппай келе жатқаны белгілі болды.
Аудан әкімі келесі жылы тазалық жұмысын тек бір ғана ЖШС-на жүктейтінін айтты.
А.Жұмабергенқызы